Әлемдік додаларда жүлдегер атанған батысқазақстандық спортшылардың 70 пайызы — қыздар

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында 100-ден астам спортшының анасына құрмет көрсетілді.

Әлемдік додаларда жүлдегер атанған батысқазақстандық спортшылардың 70 пайызы – қыздар
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

«Рахмет, ана!» атты тағылымды мерекелік кеш барысында ел намысын дүбірлі додаларда абыроймен қорғап жүрген спортшылардың аналарына ерекше ілтипат білдірілді. Нәзік жанды спортшылар мен олардың бапкерлері де ұмыт қалған жоқ.

Әдетте көпшілік назарында спортшылардың жеңісі мен жетістігі көрініс табатыны белгілі. Алайда сол табыстың бастауында ананың тәлім-тәрбиесі, сенімі мен қолдауы жатқаны ескеріле бермейді. Аталмыш іс-шара тасада қалып жүрген сол еңбекті ел алдында мойындаудың жарқын үлгісіне айналды.

Әлемдік додаларда жүлдегер атанған батысқазақстандық спортшылардың 70 пайызы – қыздар
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Кеш қонақтарын жергілікті өнерпаздар әсем әуенмен қарсы алып, мерекелік көңіл-күй бірден сезілді. Зал ішінде ел намысын қорғап жүрген чемпиондар мен олардың аналарының суреттері қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Салтанатты жиын басталған шақта кештің басты қонақтары қызыл кілеммен жүріп өтті. Әрқайсысы жеке-жеке ортаға шақырылып, зал толы көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл сәт аналар үшін де, спортшылар үшін де ұмытылмас әсерге толы болды.

Әлемдік додаларда жүлдегер атанған батысқазақстандық спортшылардың 70 пайызы – қыздар
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов табыс биігінен көрініп жүрген ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірген аналар мен спортшы аруларға алғыс білдірді.

— Ақылына көркі сай, ибалылығы мен қайсарлығы қатар өрілген қазақ арулары ел намысын әрдайым биік ұстап келеді. Ел тарихында ерлігімен өшпес із қалдырған қаһарман қыздарымыз Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанова — соның айқын дәлелі. Бүгінде сол өжеттік пен табандылықтың жалғасын өңірдің спортшы қыздары танытып отыр. Өткен жылы әлемдік және құрлықтық жарыстарда топ жарып, жүлдегер атанған өңір спортшыларының 70 пайызы қыздар болуы — үлкен мақтаныш әрі өңір спортының дамуындағы айрықша жетістік. Спортшы арулардың бойындағы өжеттілік пен елжандылық — аналар тәрбиесінің жемісі. Бүгінде өңірде 17 мыңға жуық адам спортпен тұрақты айналысады. Соның 40 пайыздан астамы — нәзік жандылар. Бұл қыздарымыздың тек сұлулық пен нәзіктіктің ғана емес, қайсарлық пен қажыр-қайраттың да символы екенін көрсетеді, — деді басқарма басшысы.

Әлемдік додаларда жүлдегер атанған батысқазақстандық спортшылардың 70 пайызы – қыздар
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда фестиваль аясында құсбегіліктен Қазақстан чемпионаты мәресіне жеткенін жазған едік.