Әлемдік футбол жұлдыздары Холанд пен Эдегор Алматыдағы стадионда жаттығу өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Ертең, 6 қыркүйекте Алматыда UEFA Ұлттар лигасында Қазақстан мен Норвегия құрамалары шеберлік байқасады. Осыған орай Норвегия құрамасы баспасөз мәслихатында журналистер сауалына жауап беріп, Орталық стадионда алғашқы дайындығын жүргізді.

Алматыға келген Норвегия құрамасы сапында Эрлинг Холанд және Мартин Эдегор секілді әлем футболының жұлдыздары бар.

«Жол өте күрделі болды. Біз құрамадағы барлық ойыншыны алып келдік. Біз Қазақстан құрамасындағы әр футболшыны жақсы білеміз. Олар Дания мен Финляндияны жеңді. Біз бұл ойындарды көрдік және бұрынғы және қазіргі бапкерлерді салыстырдық. Сондай-ақ «Силькеборг» сапында Рамазан Оразовтың ойнайтынын білеміз. Біздің топтағы құрамалардың барлығы деңгейлес. Әрбірі бір-бірінен ұпай олжалауы мүмкін. Алдағы мақсатымыз – әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатының финалдық сатысына жолдама алу. Бұл – біздің құрама үшін үлкен серпіліс. Жиырма жылдан бері біз ешқандай додаларға шыға алған жоқпыз. Кейінгі жылдардағы сәтсіздік бізді таңғалдырды», - деді Норвегия құрамасының бас бапкері Столе Сольбаккен.

Ал, аталған құраманың негізгі ойыншысы Мартин Эдегор алдағы кездесуге дайындығы жөнінде ойымен бөлісті.
«Біз Қазақстан құрамасы жөнінде көбірек мәлімет алуға тырыстық. Мұндай жұмыс әрбір ойынның алдында жасалады. Қарсыласты зерттейміз. Алдымен өзіміздің ойынымыз бен мықты тұсымызды ой елегінен өткіземіз», - деді ол.

Баспасөз мәслихатынан кейін Норвегия құрамасы Орталық стадионның жасыл алаңында кезекті ойын алдындағы жаттығуын жасады.
Айта кетсек, Қазақстан мен Норвегия құрамалары 6 қыркүйекте 19:00-де Алматының Орталық стадионында кездеседі.