Әлемдік миллиардерлердің жиынтық байлығы 15,8 трлн долларға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Долларлық миллиардерлердің саны биыл 8,8 пайызға өсіп, 2 919 адамға жетті. Ал олардың жиынтық байлығы 15,8 трлн долларды құрап, тарихтағы жаңа межені жаңартты. Бұл мәлімет Швейцарияның UBS банкі жариялаған жаңа есепте келтірілді, деп жазды Анадолу.
UBS дерегінше, қаржы нарығындағы тұрақсыздыққа қарамастан, технологиялық компаниялар акциялары мен қаржылық активтердің қымбаттауы жаһандық байлықтың өсуіне негізгі фактор болған.
Өткен жылмен салыстырғанда миллиардерлердің жиынтық капиталы 13 пайызға артып, 15,8 трлн долларға жеткен. Бұл көрсеткіш 2021 жылдан бергі ең ірі жылдық өсімдердің бірі.
Аймақтық динамика:
-
Америка құрлығы — байлық 15,5 пайызға өсіп, 7,5 трлн долларға жетті (әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш).
-
Азия–Тынық мұхиты өңірі — өсім 11,1 пайыз, жиынтық капитал 4,2 трлн доллар.
-
Еуропа, Таяу Шығыс және Африка — өсім 10,4 пайыз, жалпы байлық 4,1 трлн доллар.
Салалар арасындағы жағдай:
Технологиялық сектор ең жоғары өсім көрсеткен. Бұл бағыттағы миллиардерлердің жиынтық байлығы 23,8 пайызға артып, 3 трлн долларға жетті. Сондай-ақ тұтынушылық және бөлшек сауда саласы, өнеркәсіп және қаржылық қызметтер негізгі байлық шоғырланған секторлар ретінде аталды.
Мұрагерлік арқылы байығандар да көбейді
Биыл 91 адам алғаш рет миллиардерлер қатарына кірді. Олар мұрагерлік арқылы жалпы 297,8 млрд доллар алған, бұл былтырғыдан 36 пайызға көп. UBS есебі бойынша, алдағы 15 жылда миллиардерлердің ұрпақтарына кемінде 5,9 трлн доллар мұра ретінде беріледі.
Өз еңбегімен байығандар
196 кәсіпкер өз табысы арқасында миллиардер атанып, олардың жиынтық капиталы 386,5 млрд долларды құрады.
Жалпы алғанда, әлемде 2 545 ер адам және 374 әйел миллиардер бар.
Есепте келтірілгендей, миллиардерлер 2026 жылға қарай ең үлкен қауіп ретінде тарифтік шектеулерді, ірі геосаяси жанжалдарды және саяси белгісіздікті атап өткен.
Айта кетейік, G20 елдеріндегі миллиардерлердің байлығы бір жылда 2,2 трлн долларға өсті.
Ал ресейлік миллиардерлердің байлығы жыл басынан бері $18 млрд-қа өсті.