Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлемдік мұнай бағасы шілдеде айтарлықтай өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік мұнай бағасы жұма күнгі сауда-саттықты 1%-дан астам өсіммен аяқтап, шілде айын наурыздан бергі ең жоғары көрсеткішпен қорытындылады. Бұл туралы Reuters хабарлады.

мұнай
Коллаж: Kazinform / Freepik / Midjourney

Сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 1,3% өсіп, баррелі 90,12 доллар болды. Ал америкалық WTI мұнайы 1,5% қымбаттап, баррелі 84,67 долларға жетті. Шілде айының қорытындысында Brent шамамен 24%, ал WTI 21% өсті.

Reuters агенттігінің жазуынша, мұнай бағасының өсуіне Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі және негізгі тасымал бағыттарында мұнай жеткізіліміне төнген қауіп әсер еткен. Бұған қоса, АҚШ-тағы мұнай қорының 2018 жылдан бергі ең төменгі деңгейге дейін қысқаруы және елдегі өндіріс көлемінің азаюы да бағаның өсуіне ықпал еткен.

Сонымен қатар сарапшылар мұнай нарығындағы құбылмалылықтың әлі де сақталып отырғанын айтады. Инвесторлар Қызыл теңіз бен Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты жағдайды, сондай-ақ әлемдік мұнай сұранысының болашағын жіті бақылап отыр.

Reuters сауалнасына қатысқан сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы Brent мұнайының орташа бағасы барреліне 85,22 доллар болуы мүмкін. Бұл — бұған дейінгі болжамнан жоғары көрсеткіш.

Еске салайық, бұған дейін Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрделілігіне қарамастан, жұма күні әлемдік мұнай бағасы төмендегенін жазғанбыз.