Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлемдік топ-10-нан түскен емеспіз: халықаралық олимпиада жүлдегерлері жеңіс сырымен бөлісті

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық химия олимпиадасында күміс медаль иеленген қазақстандық оқушылар жарыс алдындағы дайындықтың бірнеше кезеңнен тұрғанын айтады. Олардың сөзінше, ұлттық құрама теориялық біліммен қатар, зертханалық тәжірибелерге де ерекше көңіл бөлген.

халықаралық олимпиада жүлдегерлері жеңіс сырымен бөлісті
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы олимпиада жүлдегерлері Аңсар Жақсылықов пен Әбілмансұр Қали Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

– Олимпиададан кейін өзімізді бір жеңіл сезініп отырмыз. Осы жарысқа дайындық өткен айдың ортасында басталды. Бізді ҚазҰУ-да жинап, профессорлармен теориялық әрі практикалық дайындықтан өткізді. Қазақстан құрамасы төрт оқушыдан құралған. Олимпиада алдындағы оқу-жаттығу жиыны екі аптаға созылды, – деді халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері Аңсар Жақсылықов.

Ол химиялық олимпиадаларға дайындықтың кәдімгі мектеп бағдарламасынан өзгеше екенін атап өтті.

– Химиялық олимпиадаға арнайы тактикамен дайындаласың. Теориялық тапсырмалар орындап қана қоймай, зертханада тәжірибелер жасап, практикалық дағдыларды жетілдіреміз, – деді жүлдегер.

Аңсар Жақсылықовтың айтуынша, химияға деген қызығушылығы 7-8 сыныпта пайда болған. Сондай-ақ ол қазіргі таңда Қазақстан құрамасы халықаралық олимпиадаларда тұрақты түрде әлемнің үздік командаларының қатарында екенін айтты.

– Қазақстанның өзі де мықты құрамалардың қатарында. Жыл сайын әлемдік топ-10, тіпті топ-7 команданың ішінде тұрақты орын алып келеді. Биыл да қарсыластарға дес берген жоқпыз, – деді ол.

Қазір екі оқушы да 11-сыныпты тәмамдап жатыр. Аңсар Жақсылықов Spectrum International School мектебінде, ал Әбілмансұр Қали Астана қаласындағы NIS Нұра филиалында білім алады.

Олардың айтуынша, олимпиададағы жетістік алдағы академиялық жолына да үлкен мүмкіндік береді.

– Мұндай халықаралық олимпиадалар әлемнің жетекші университеттеріне түсуге көмектеседі. Өйткені бұл жетістік халықаралық ғылыми олимпиада ретінде жоғары бағаланады, – деді Әбілмансұр Қали.

Сонымен қатар елордалық оқушылар болашақта материалтану және физикалық химия бағытында білімін жалғастыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін, Қазақстан құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен Халықаралық химия олимпиадасында (IChO) төрт медаль жеңіп алғанын хабарлаған едік. Ел намысын қорғаған төрт оқушының барлығы күміс жүлдеге ие болып, Қазақстан құрамасы әлемдегі үздік нәтижелердің бірін көрсетті.