Әлемдік трендке айналған креативті индустрияның мүмкіндіктері қандай

Бүгінде әлем елдері зияткерлік, инновация және шығармашылыққа негізделген экономиканы дамытуға назар аударып, оған басымдық бере бастады. Креативті индустрия барша мемлекеттерде экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі саналады. Осы ретте Kazinform агенттігінің тілшісі аталған бағыттың ілгерілеу тенденциялары мен мүмкіндіктерін анықтап көрді.

креативная экономика
Фото: pixabay

«Креативті индустрия» деген не?

Қазіргі жаһандану дәуірінде көптеген адамдар креативті индустрияны жаңа экономикалық дамуға бастайтынын қадам ретінде көреді. Дегенмен, әзірге шығармашылық салалардың жалпыға бірдей қабылданған анықтамасы жоқ, яғни бұл тұрғыда әлі де түрлі пікір бар. Әлемде алғаш рет 2000 жылдары креативті индустрия жайлы айтыла бастады. Тиісінше, осы кезеңге дейін экономиканың бұл секторы қилы даму сатысынан өтіп келеді.

Тарихи деректерге сай, «креативті индустрия» ұғымы алғаш рет Ұлыбританияда пайда болған. Атап айтқанда, 1998 жылы бұл елдің Мәдениет, БАҚ және спорт департаменті оны «зияткерлік меншікті қалыптастыру және пайдалану есебінен қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал ететін шеберлік пен талантқа негізделген қызмет түрі» деп таныды.

Ал 2004 жылы БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясы өнер, мәдениет, бизнес және технологияларды тоғыстырған экономика секторын – «креативті индустрия» деп атады. Ол пайымға сәйкес, мұнда негізгі пайда шығармашылық немесе интеллектуалдық әлеуетті пайдаланып шығарылатын тауарлар мен қызметтер саудасынан түседі.

Жалпы «креативті экономика» деген ұғымды кеңірек 2001 жылы БҰҰ-ның креативті экономика жөніндегі консультациялық кеңесінің мүшесі және «Креативті экономика» еңбегінің авторы Джон Хокинс енгізген. Оның тұжырымы бойынша бұл – тек білім мен талантқа негізделген әрі интеллектуалды қызметпен байланысты экономика секторы. Ал оның негізгі валютасы – идея.

Креативті индустрияны дамытуда қай елдердің тәжірибесі озық саналады?

Дамыған елдер ондаған жылдар бойы креативті индустрияны қалыптастыруға баса назар аударып келеді. Бүгінгі таңда бұл сала жылына шамамен 2,3 трлн доллар табады. Креативті индустрияның жаһандық экспорты 250 млрд долларға тең. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар қатары үнемі өсіп келеді және олардың саны қазірде 29,5 млн адамға жетті. Болжам бойынша креативті индустрия алдағы жылдары жаһандық жалпы ішкі өнімнің 10%-ын алады.

Жаһандық инновациялық индекске сәйкес, биыл креативті экономика бойынша 132 елдің ішінде Швейцария, Швеция, АҚШ, Ұлыбритания және Сингапур көш бастады. Осылайша Швейцария қатарынан 13-ші рет әлемнің ең инновациялық экономикасы деп танылды. Биыл Швеция АҚШ-ты артқа тастап, екінші орынға көтерілді. Ал Сингапур үздіктердің бестігіне еніп, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхиты маңайындағы елдердің экономикалары арасында жетекші орынға ие болды.

Қазіргі зерттеушілер креативті индустрияны мынадай үш модельге бөліп қарастырады: америкалық, скандинавиялық және шығыс-азиялық.

2006 жылдан бастап АҚШ негізінен креативті индустрияға жататын дизайнерлік, баспа және аудиовизуалды өнімдердің ірі экспорттаушысы саналады. Бұл аталған елдің басты стратегиясы ретінде айқындалған. АҚШ-та креативті және мәдени салаларды дамытудың бірыңғай федералды саясаты жоқ. Оған қарамастан, осы сала аясында 2019 жылы 30 миллионнан астам жұмыс орны құрылды.

Скандинавия елдеріндегі (Швеция, Дания, Финляндия) креативті индустрия саясаты швед моделі негізіндегі әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасы шеңберінде қалыптасты. Бұл тәсіл кәсіпкерлікте креативті дағдыларды практикада қолдануға үйрететін кәсіптік білім беру жүйесіне, мәдениет пен өнер саласына гранттық қолдауды арттыруға, инновация мен шығармашылыққа бағытталатын инвестицияны ұлғайтуға ынталандырады.

Сонымен қатар, қалалық даму саясаты ретінде басталған Оңтүстік Корея, Жапония және Қытайдың креативті индустриясы шығармашылыққа арналған инфрақұрылымды жасақтауға емес, жаңа постиндустриалды технологиялық шешімдердің инновациялық ілгерілеуіне көп көңіл бөледі.

Креативті экономиканы мемлекет тарапынан қолдау

Креативті индустрияның даму қарқыны дәстүрлі өнеркәсіпке немесе өзге салаларға қарағанда едәуір жоғары. Мәселен, экономикалық құлдырау кезінің өзінде әлемдік креативті сектордың көлемі 14%-ға өсті. Сарапшылар пікірінше, оған аталған саладағы табиғи кедергілердің жоқтығы ықпал етіп отыр. Демек, өнімді жасау көп материалдық шығынды қажет етпейді және оны барлық жерде және ешқандай шектеусіз тұтынуға болады.

Креативті экономикада өркендеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, бастапқы кезеңде идеяны шындыққа айналдыру жолында мемлекеттің қолдауы маңызды. Мысалы, Оңтүстік Корея креативті индустрияның пайдасы мен әсерін толық түсіне бастады. Өйткені, бұл елде 2009 жылдан 2017 жылға дейін арнайы құрылған KOCCA креативті контент үкіметтік агенттігі жұмыс істеді. Оның қызметі аталған салаға серпіліс жасап, халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік ашты. Мұның бәрі K-pop немесе «корей толқынынан» басталды. Оңтүстік Кореяның сән үлгісіне, сериалдарына, компьютерлік ойындарына және басқа да мультимедиялық өнімдеріне деген қызығушылық жаһандық субмәдениетке айналды. Енді ол осы мемлекеттің имиджін жақсартып қана қоймай, корей бюджетіне орасан зор қаражат әкеліп отыр. Корей креативті индустриясы тауарларының жыл сайынғы экспорты шамамен 6 млрд долларға бағаланады.

Аталған елдерде заңнамалық тұрғыдан салықтық преференция, жоғары технологиялық техникаға кедендік бажды төмендету, зияткерлік меншікті қорғау және шетелде тауар белгілерін тіркеуге жәрдемдесу, елге ірі халықаралық көрмелерді тарту сияқты мемлекет тарапынан көмек көрсетілді.

Қазақстандағы креативті индустрия

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында креативті индустрия – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар саласын қамтитын және жұмыспен қамтуға ықпал ететін экономика секторы ретінде айқындалған.

Қазіргі уақытта креативті индустрия мәселелері «Мәдениет туралы» ҚР Заңымен және 2021-2025 жылдарға арналған креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасымен реттеледі. Сондай-ақ, сала өкілдерімен бірлесіп инфрақұрылымды, қолдауға бағытталған арнайы қор құру және креативті индустриямен жұмыста мемлекеттік мүлікті пайдалану жөніндегі тетіктер талқыланып жатыр. Заңнамалық көмек шеңберінде «Мәдениет туралы», «Білім туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңдарға толықтырулар енгізу жоспарланған.

Бұл бағыттағы қазақстандық жарқын тәжірибенің бірі – «Дом-36» арт-кеңістігі. «Дом-36» – Алматыдағы креативті хаб және түрлі саладағы таланттардың басын біріктіретін алаң. Арт-кеңістік аумағында дәрістер, көрмелер, фестивальдер, питчингтер және қайырымдылық шаралары өтеді. «Дом-36» пандемия басталғанға дейін ашылып, Алматы әкімдігі мен Сыртқы істер министрлігінің қолдауы арқасында қазірге дейін дамуын жалғастырып келеді.

Даурен Тулеев
Фото: facebook.com/dauren.tuleev/

Жобаның негізін қалаушылардың бірі Дәурен Түлеевтің айтуынша, «Дом-36» нарықтағы ең маңызды үш мәселені анықтаған. Олар: шығармашылық сала өкілдерінің білімі мен дағдыларының жетіспеушілігі, креативті салада кәсіпкерлікті дамытуға арналған үй-жайлардың болмауы және қаржыландыру көздерін табу.

«Дом-36» осы мәселелерді шешуге бағытталған. Биыл «QazInnovations» қолдауымен бизнес-акселерация іске қосылды. Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл – шығармашылық индустрия өкілдеріне арналған тегін оқу бағдарламасы. Оны сәтті аяқтағандар өз жобаларын инвесторларға ұсынуға мүмкіндік алды.

«Аз уақыт ішінде біз мемлекет пайдасына 127 млн табыс әкелдік. Саланы ілгерілету мақсатында көрші елдердің тәжірибесіне сүйенеміз. Мәселен, Қырғызстанда біздің әріптестеріміз бар. Олар 7 жыл бойы жұмыс істеп, 10 арт-кеңістікті дамытып жатыр. Қырғызстандықтар креативті индустриялар паркін құруға бастамашы болды. Сәйкесінше, бастапқы кезеңде салықтан босатылды. Мұндай тетіктер креативті индустрия өкілдерінің аяққа тұруына септігін тигізеді», - деп атап өтті Дәурен Түлеев.

Өзбекстанда креативті индустрия қалай дамып келеді?

Кейінгі жылдары стартаптар мен бизнес жобаларды қолдау Өзбекстандағы реформалардың өзегіне айналды. Ел басшысы Шавкат Мирзиёев өз жолдауында қазіргі заман жаңа шығармашылық көзқарас пен жаңа идеялар негізінде салаларды дамытуды талап ететінін атап өтті.

Креативті индустрия 16-29 жас аралығындағылар үшін көптеген жұмыс орынын құруға сеп болып отыр. Демек, бұл – 60% халқы 30 жасқа дейінгі Өзбекстан үшін экономиканың ең перспективалы саласы.

Ұлықбек Исматов
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бұл ретте Өзбекстанда нақты мемлекеттік қолдау шаралары қолға алынды. Мәселен, «Өзбекстан-2030» стратегиясы аясында жастар саясатын реформалау үшін әр өңірде бір креативті парк құру көзделген. Олардың алғашқысын таяуда ел астанасы Ташкентте ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы креативті паркті құру ісіне белсенді атсалысып жүрген Ұлықбек Исматов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтып берді. Ол – сапалы медиа-контент құруға арналған Жобаларды басқару орталығының негізін қалаушы. Осы ретте Ұлықбек Исматов өзінің креативті индустриядағы алғашқы қадамдарын қалай бастағанын және идеяларын қалай дамытқанын айтып берді.

«Студент кезімде мен IT технологиялар туралы ақпараттары бар өзбек тіліндегі infotech.uz деп аталатын сайтты аштым. Ол кезде барлық мәлімет орыс және ағылшын тілдерінде болатын. Мен сайтты қызық деректермен толықтыра бастадым. Бірақ 4 айдан кейін бұл жеткіліксіз екенін түсініп, университет проректорының қолдауымен қызметті кеңейтіп, командаға 50-ге жуық адам жинадым. Олардың барлығы оқуды бітіргеннен кейін өздерінің болашағын осы саламен байланыстырды», - деді Ұлықбек Исматов.

Артынша көпшілік жас талантты байқап, Өзбекстан жастар одағына жұмысқа шақырған. Ол бастапқыда онда жастар медиа орталығы басшысының орынбасары, кейін жетекшісі болып қызмет етті. Қазір Ұлықбек Исматов Жобаларды басқарудың дербес орталығын басқарады.

креативті
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

«Орталық 14 медиа жобаның қызметін үйлестіріп отыр. Олардың ішінде бес түрлі саланың креативті индустрия мамандары өз бағыттары бойынша шеберлік сағаттарын өткізетін Modul5 жобасы бар. Modul5-тің негізгі мақсаты – Өзбекстан жастарына таза өзбек тілінде пайдалы ақпарат беру және болашақта олардың дамуы үшін негізгі платформа жасау. Бүгінге дейін жобаға 100-ден астам спикер қатысты, оларға 10 мыңнан астам адам жиналды. 2020 жылы Modul5 жобасы Өзбекстан жастар форумы аясында «Жылдың үздік білім беру бағдарламасы» деп танылды, - дейді спикер.

Сондай-ақ, мұнда Marketing Club жобасы жұмыс істеп тұр. Бұл – Өзбекстандағы белгілі сала сарапшыларының қатысуымен өтетін ай сайынғы шеберлік сағаттары. Жобаның негізгі мақсаты – жастарды жұмысқа тарту, кәсіпкерлер үшін пайдалы маркетингтік ақпарат беру. Uzbekistan дизайн – клубтың тағы бір бастамасы. Ол сән саласы мамандарының басын қосқан ең ірі дизайнерлік қоғам. Мұнда азаматтар жас дизайнерлерге өз кеңестерін береді. Жалпы қазіргі уақытта жүріп жатқан 14 медиа жоба 18 миллионнан астам адамды қамтиды.

«Бүгінгі таңда барлық жерде интернет бар, тек компьютер мен идея ғана қажет. Біз көптеген мысалдарды көріп отырмыз. Мәселен, израильдік стартап болды, онда 4 жігіт автопилот жүйесін жасап шығарып, оны 19 млрд долларға сатқан. Бізде де ойы ұшқыр жастар көп, оларға тек бағыт берсек болғаны», - деп тоқталды Ұлықбек Исматов.

креативті
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Оның айтуынша, бұл саланың инфрақұрылымын дамыта түсу орынды. Атап айтқанда, креативті индустрия өнімдерін жасайтындар мен оған тапсырыс берушілерді байланыстыру үшін арнайы жүйе қажет.

«Мұндай жүйенің бірі – креативті хаб. Қазір Жобаларды басқару орталығы бастамаларды қайта өзектендіріп, креативті парк құруға әрекет жасап жатыр. Оны Жастар ісі жөніндегі агенттік басқарады. Бұл – елдің әр аймағында құрылатын хабтардың пилоттық нұсқасы болмақ. Ол ресми түрде әлі ашылған жоқ, дегенмен жұмыс жалғасып жатыр», - деп атап өтті спикер.

Келесі жылы Өзбекстанда креативті экономика бойынша IV дүниежүзілік конференция өтеді. Шараға қатысушылар көпшілікті креативті индустрия саласы туралы ақпаратпен қамту, жаһандық ынтымақтастықты күшейту мәселелерін талқыламақ.

креативті
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Астанадағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бастамашыл жастарды қолдау және ынталандыру үшін түркі әлемінің креативті жастар орталығын ашуды ұсынған болатын.

«Бұл әуелі түрлі елдерден келген жастардың қарым-қатынас жасауы, ынтымақтастық орнатуы үшін қажет. Осындай жаһандық іс-шараларды өткізу – мемлекет тарапынан болып жатқан қолдаудың нәтижесі. Әр жаңа қадам – тәуекел. Сондықтан мемлекет осындай бағыттағы істермен айналысу пайдалы екенін көрсетуі тиіс», - деп түйіндеді Ұлықбек Исматов.

Жыл сайын креативті индустрия қазіргі қоғамның түрлі салаларына терең ене түсері анық. Тиісінше, мемлекет оны ұлттық экономиканың өсуіне елеулі әсер еткен жаңа фактор ретінде қарастыра бастайды.

Соңғы жаңалықтар