Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлемге танымал әнші Бонни Тайлер өмірден өтті

АСТАНА. KAZINFORM — «Total Eclipse of the Heart» хит әнімен әлемге танылған уэльстік әнші Бонни Тайлер 76 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады.

Әлемге танымал әнші Бонни Тайлер өмірден өтті
Фото: bonnietyler.com

Әншінің өмірден өткені туралы оның отбасы ресми сайтында жарияланған мәлімдеме арқылы хабарлады.

 — Боннидің отбасы мен шығармашылық ұжымы оның Португалиядағы ауруханада ем алып жатқан кезінде ауыр дерттен қайтыс болғанын күйзеліспен хабарлайды», — делінген мәлімдемеде.

Биыл мамыр айынан бері әншінің денсаулық жағдайы ауыр болған. Португалияның Фару қаласындағы ауруханаға шұғыл жеткізілгеннен кейін оған ішекке операция жасалып, дәрігерлер оны жасанды ұйқы жағдайына енгізген. Кейін Бонни Тайлер есін жиғанымен, жансақтау бөлімінде ем қабылдауын жалғастырған. Денсаулығының нашарлауына байланысты оның жазғы концерттік турындағы бірқатар шаралар тоқтатылып немесе кейінге шегерілген.

Бонни Тайлер 1951 жылы 8 маусымда Уэльстің Нит қаласында дүниеге келген. Әлемдік танымалдық оған 1983 жылы шыққан «Total Eclipse of the Heart» балладасы арқылы келді. Ән Ұлыбритания мен АҚШ музыкалық чарттарында бірінші орынға көтеріліп, биыл Spotify стриминг платформасында бір миллиард тыңдалым көрсеткішінен асты.

Әншінің басқа да танымал шығармаларының қатарында 1976 жылы шыққан алғашқы үлкен хиті «Lost in France» бар. 2013 жылы Бонни Тайлер Ұлыбритания атынан «Евровидение» халықаралық ән байқауына қатысты. Ал 2023 жылы музыка саласының дамуына қосқан үлесі үшін Британ империясы орденімен (MBE) марапатталды.

Еске салайық, бұған дейін аты аңызға айналған актер Чак Норристің өмірден өткені хабарланған болатын. Ол 86 жасында қайтыс болған еді.