Әлемнің үздік теннисшілері 2027 жылы Астанада бас қосады
АСТАНА. KAZINFORM — 2027 жылы Қазақстанда ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana үстел теннисінен әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстанға ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатының финалдық кезеңін өткізу құқығы ресми түрде берілді.
Тиісті келісімге Астанада қол қойылып, құжатқа сәйкес елорда 2027 жылғы үстел теннисінен әлем чемпионатының финалдық кезеңін қабылдайтын қала ретінде ресми түрде бекітілді. Бұл дода халықаралық үстел теннисі күнтізбесіндегі ең маңызды жарыстардың бірі саналады.
Рәсімге Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлинг, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қазақ ұлттық спорт университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу және Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин қатысты.
Әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болу халықаралық спорт ұйымдарының Қазақстанға деген сенімінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Бұл еліміздің әлемдік деңгейдегі ірі спорттық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатын мемлекет екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. 2027 жылғы әлем чемпионатына дүние жүзінің ең мықты спортшылары, ұлттық федерациялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, мыңдаған жанкүйер және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келеді деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ, биыл елімізде тұңғыш рет әлемдік World Table Tennis (WTT) турының ең беделді жарыстарының бірі — WTT Star Contender Astana — President’s Cup 2026 турнирі ұйымдастырылатынын естеріңізге сала кетейік. Жарыс 2026 жылғы 15–20 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл жарыс World Table Tennis (WTT) ұйымының ресми жарыстар күнтізбесіне енген және әлемдік кәсіби турдағы ең беделді кезеңдердің бірі болып саналады.
WTT Star Contender сериясының турнирлері жылына небәрі алты рет өткізіледі. Қазақстан осындай жоғары деңгейдегі жарысты қабылдау құқығына алғаш рет ие болып отыр.
Турнирге әлемнің 30-дан астам елінен шамамен 190 спортшы қатысады. Олардың қатарында Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Франция, Германия, Бразилия, Швеция, Дания, Тайвань, Гонконг, Үндістан, Сингапур, Мысыр, Португалия, Хорватия, Словения, Румыния, Қазақстан және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.
Сонымен қатар, жарысқа Қазақстаннан 20-ға дейін спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Турнирді Nomad Table Tennis Academy ұйымы World Table Tennis (WTT) ұйымымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізеді.
— WTT Star Contender Astana — President’s Cup 2026 және ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 секілді халықаралық деңгейдегі екі ірі жарыстың Қазақстанда өтуі еліміздің әлемдік үстел теннисінің маңызды орталықтарының біріне айналып келе жатқанын айғақтайды. Бұл — халықаралық қауымдастықтың Қазақстанның ұйымдастырушылық әлеуетіне берген жоғары бағасы ғана емес, сонымен қатар спорт инфрақұрылымын дамытуға, туризмді ілгерілетуге, отандық спортшыларды даярлауға және еліміздің халықаралық беделін нығайтуға серпін беретін маңызды қадам, — делінген министрлік хабарламасында.
Осыған дейін Уимблдон турнирі қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз басталғанын жаздық.