Әлеуметтік кодекс жобасы қабылданды - Үкімет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Әлеуметтік кодекстің жобасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл аса маңызды құжат азаматтардың өміріндегі, яғни адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейді. Ол бірінші кезекте халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Мұны іске асыру үшін қолданыстағы нормативтік базаны қайта қарауымыз керек. Кодекс қабылданған соң жаңа әлеуметтік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа көшу керек. Ол Отбасының цифрлық картасын енгізу арқылы жүзеге асырылады», - деді отырыс барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының атап өтуінше, жобаның пилоттық нұсқасы қыркүйектен бері бірқатар қызмет бойынша жұмыс істеп тұр және қазірдің өзінде тиімділігін көрсетті. Әлеуметтік қолдау алу қажеттілігі Цифрлық карта шеңберінде ақпараттық жүйе арқылы айқындалады.

«Демек, азаматтар тиісті органдарға жүгінбей-ақ, мемлекеттің қолдауын алу мүмкіндігіне ие болады. Мемлекет бұл қажеттілікті өзі анықтайды және барлық рәсімдерді автоматты түрде жүргізеді. Әлеуметтік кодекс жобасында мүгедектігі бар адамдарға көп көңіл бөлінген. Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту көзделген», - деді ол.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы жұмыспен қамтудың барлық икемді түрлерін, оның ішінде «Платформалық» жұмыспен қамтуды заңнамалық тұрғыдан айқындау және бекіту жоспарланып отырғанын айтты.

«Басты міндет – азаматтардың осы санаттарын әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамту. Сондай-ақ, Әлеуметтік кодекс жобасында ұлттық біліктілік жүйесін дамыту және сертификаттау жүйесін енгізу көзделіп отыр. Олар жастардың жұмысқа тұруына кедергі болатын артық талаптарды алып тастауға мүмкіндік береді. Кодекс Парламенттің қарауында болғанмен, жекелеген әлеуметтік шаралар 2023 жылдан бастап іске асырылады. Айталық, келесі жылдың басынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылған кезде төленетін төлемдер орташа айлық табыстың 45 пайызға дейін ұлғаяды», - деді Әлихан Смайылов.

Жалпы, Кодексте ұсынылған шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін өзгертуге және осы салада болып жатқан өзгерістерден оң нәтиже алуға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр Әлеуметтік кодекс жобасын қабылдау үшін дауыс беруді ұсынып, оны Үкімет мүшелері бірауыздан қолдады. «Еңбек министрлігі Премьер-Министр кеңсесімен бірлесіп, жобаны Парламент Мәжілісіне уақтылы енгізуді қамтамасыз етсін», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар