Әлеуметтік көмек сұраған «кедей» отбасының коттеджі бар болып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттен атаулы көмек сұраған тұрмыс жағдайы төмен отбасының зәулім коттеджі мен қымбат көлігі бар болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова әлеуметтік қызметкерлер анықтаған қызықты факті туралы айтып берді.

«Бес адамнан тұратын бір отбасының ешқандай табыс көзі жоқ, жинақ қорына ешқандай зейнеттік жарна аударылмаған. Нағыз аз қамтылған отбасы дерсіз», - деді вице-министр.

Ал аталған мекенжайға барған әлеуметтік қызметкерлер «аз қамтылған», тұрмысы төмен отбасының жағдайын көріп, таң-тамаша болған.

«Сән-салтанатты зәулім үйде тұрады және қымбат көлік мінеді, бірақ табыс көзі еш жерде көрсетілмеген», - деп атап өтті С.Жақыпова.

Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнеақы жүйесі және ең төменгі күнкөріс деңгейі бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Онда С.Жақыпова өз табысын жасырып қалып, міндетті төлемдерді, жарналарды төлемейтін тұлғалармен күресу қажеттігін баса айтты.

«Шын мәнінде өз елінің гүлденуін қалайтын халық өз табысын жасырып қалатындармен, мемлекетке жосықсыз қол жаятындармен күресуі керек», - дейді С.Жақыпова.

Соңғы жаңалықтар