12:24, 06 Желтоқсан 2012 | GMT +5
Әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыратын заң қабылданды - Парламент
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мен автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжатты екінші оқылымда мақұлдады.

Парламент қабылдаған заңның мақсаты әлеуметтік маңызы бар қызметтерді электрондық түрде немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетуді оңтайландыру болып табылады. Осы бағытта қолданыстағы 19 заңнамалық актіге өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте заң жобасымен әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді көрсетудің қысқартылған мерзімдері белгіленеді. Қызметтер алу үшін ұсынылатын құжттар тізбесі оңтайландырылады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар қызметтерді электрондық түрде алу мүмкіндігі заң жүзінде қарастырылады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.