Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасын қаржыландыру жөнінде қаулы жобасы әзірленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы) ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі. Бұл туралы министрліктің сайтында жарияланды.
«Қаулы жобасы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» жобасын қаржыландыруға 80 млн АҚШ доллары сомасындағы Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы) ратификациялауды көздейді», делінген хабарламада.
Жобаның мақсаты денсаулық сақтау қызметтерін көрсету жүйесінің қолжетімділігін, сапасын және экономикалық тиімділігін арттыру және халықтың денсаулық проблемаларына байланысты қаржылық тәуекелдерін төмендету болып табылады.
Қаражатты әкімшілендіруді және жұмсауды жобаның әкімшісі - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асыратын болады.
Жобаны іске асыру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көзделген.
Германия, Франция сияқты дамыған елдердің тәжірибесі медициналық сақтандырудың бірқатар ауыр аурулардың серпініне және халық денсаулығының ахуалына оң әсерін тигізгендігін көрсетіп отыр.
Оның ішінде денсаулық сақтау қызметтерінің стандартты пакетін қамтамасыз ететін әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу елдің бүкіл халқына тұрғындарына, әсіресе халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына пайдасын тигізеді, күтілетін халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға оң әсерін тигізеді, бұл дамыған елдер деңгейіне кезең-кезеңмен қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жоба шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі артериалдық гипертензия, қант диабеті, созылмалы жүрек жетіспеушілігі сияқты негізгі созылмалы аурулар бойынша ауруларды басқару бағдарламаларын ендіруді кеңейтуді жоспарлап отыр.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі жобаны 2017-2021 жылдары кезеңінде іске асыруды жоспарлап отыр.