Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға түскі ас берілді - Қызылорда

ЫЗЫЛОРДА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Қызылорда қаласының іргесіндегі Тасбөгет кентіндегі «Арман» мейрамханасында республикалық «Бірлігіміз жарасқан» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға түскі ас берілді.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға түскі ас берілді -  Қызылорда

Ол «Тұрмысы төмен азаматтарды қолдау жөніндегі аймақтық қордың» ұйытқы болуымен өткізілді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанындағы «Ардагерлер үйі» мемлекеттік мекемесі мен «Тұрмысы төмен от­басыларын қолдау жөніндегі аймақтық қор» өткізіп отырған бұл шара «Сыр мейірімі» атты жоба негізінде жүзеге асырыла бастады.

Шара соңында дастарқан басындағы азаматтар атынан кент тұрғыны Мадияр Жұман­тай мейірімділік нышанын жасап жатқан жандарға алғыс сезімін жеткізді.

Осы күнгі игілікті шара қаланың Титов, Гагарин және Шанхай аудан­дарындағы «Болашақ», «Бақыт» дәмханаларында жалғасты. Бір мезгілде түскі ас 109 адамға берілсе, жүріп-тұруы қиын 65 адамға ол үйлеріне апарылып берілді. Ас тарату үшін арнайы ыдыстар мен көліктер бөлінді. Бұл шарада барлығы 174 азамат қамтылды. Жыл соңына дейін жү­ре­тін шара кезінде ай сайын осындай азаматтар санаты анықталып, аз қамтамасыз етіл­ген жандар акция барысында мей­лінше молынан қамтылатын болады. Оған тиісті қорлар арқылы 24 млн. теңгеге жуық қаржы қаралып отыр.