Әлеуметтік кепілдіктер енді кәсіби тәуекел деңгейіне байланысты беріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде елімізде зиянды өндірістік ортада еңбек ететін 477 мыңға жуық азамат бар. 

 вредные условия труда
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиын барысында зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға берілетін әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жаңғырту, жұмыспен қамту саласының өзекті мәселелері, сондай-ақ құқықтық базаның еліміздің жаңартылған Конституциясының нормаларына сәйкестігі қаралды.

Негізгі баяндамамен ҚР ЕХӘҚМ Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Лязат Ақтаева сөз сөйледі. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар үшін алты түрлі кепілдік қарастырылған. Олардың қатарында қысқартылған жұмыс уақыты, қосымша еңбек демалысы, еңбекке жоғары мөлшерде ақы төлеу, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, сүт және емдік-профилактикалық тағамдармен қамтамасыз ету бар.

— Бүгінде елімізде зиянды өндірістік ортада еңбек ететін 477 мыңға жуық азамат бар. Соңғы бес жыл ішінде жұмыс берушілердің оларға берілетін әлеуметтік кепілдіктерді қаржыландыруға бағыттаған шығындары 140,1 млрд теңгеден екі еседен де көп артып, 310,9 млрд теңгеге дейін өсті, — деп атап өтті Лязат Ақтаева.

Баяндамашы қолданыстағы жүйенің негізгі кемшілігі ретінде оның «тізімдік» қағидатқа негізделгенін атап өтті. Қазіргі таңда жеңілдіктер нақты жұмыс орнындағы еңбек жағдайына қарай емес, бекітілген тізімдердегі мамандық атаулары бойынша беріледі. Бұл әлеуметтік кепілдіктерді ұсынуда теңгерімсіздікке алып келіп, салалық келісімдердегі тәсілдердің әртүрлі болуына және нормативтік алшақтықтың қалыптасуына себеп болып отыр. Бүгінде негізгі кәсіптер тізімдері арасындағы автоматты сәйкестік деңгейі небәрі 59%.

Жүйені жаңғырту мақсатында Еңбек министрлігі тәуекелге бағдарланған бірыңғай модельге көшуді пысықтап жатыр. Болашақта зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға берілетін әлеуметтік кепілдіктер көлемі кәсіби тәуекел деңгейіне (төменнен өте жоғары деңгейге дейін) тікелей байланысты болады.

Маңызды қадамдардың бірі ретінде кәсіптер мен оларға байланысты әлеуметтік кепілдіктердің бірыңғай цифрлық тізілімін құру көзделіп отыр. Бұл үдерістерді автоматтандыруға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және қолдау шараларының атаулылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ортақ әрі теңгерімді ұстаным қалыптастыру мақсатында аталған ұсыныстар мемлекет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар өкілдерінің қатысуымен өтетін Республикалық үшжақты комиссияның жұмыс тобының қарауына шығарылатын болады.

Сонымен қатар кеңес барысында ҚР ЕХӘҚМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары ағымдағы міндеттердің орындалуы жөнінде есеп берді. Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Төлеу Мұхтар оқушылар мен студенттердің уақытша жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру және олардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде ақпарат берді. Ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы мен ҚР Конституциясының жаңартылған нормаларын іске асыру барысын департамент директорлары Ерболат Әбілхатин мен Серік Беркамалов таныстырды.

Кеңес қорытындысы бойынша министр Асқарбек Ертаев міндеттемелердің орындалуына бақылауды күшейту және еңбекті қорғау саласын цифрландыру жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Айта кетелік шопандар зиянды жағдайда еңбек ететін жұмысшылар тізіміне енетіні туралы жазған едік