Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшті - министрлік

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты пікір айтты.

Елордада арнаулы әлеуметтік қызметтермен 7,5 мыңнан астам адам қамтылды
Фото: Астана әкімдігі

- Қазіргі уақытта экономикада 127,8 мыңға жуық мүгедектігі бар адам немесе еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың 30 пайызы жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үшін жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жоспарланған квота аясында тұрақты жұмыс орындарына орналастыру, сондай-ақ арнайы жұмыс орындарына орналастыру ескерілген, - деді В. Шегай Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол 2025 жылдан бастап елімізде әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілгенін еске салды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 582 ұйымның лицензиясы бар, олардың қызметтерімен 94 мыңнан астам адам қамтылған.

- Бүгінде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіп жатыр. Бұл арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтар желісін кеңейтуге және оларды шалғайдағы ауылдық елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдармен 369 шарт жасалған, - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің 12 өңірінде: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында оңалту орталықтарын салу іс-шаралары қамтылған. Әрбір орталық 150 орынға есептелген. Осы орайда жалпы 1 850 орын қамтамасыз етіліп, 1 440 жаңа жұмыс орны құрылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2026 жылдан мүгедектігі бар жандарға жәрдемақы 10 пайызға өседі. Қазіргі уақытта Қазақстанда 750 мыңнан астам адамның мүгедектігі бар. Соның арасында 18 жастан асқан ересектер саны 630 мыңнан астам немесе 84 пайызы, ал мүгедектігі бар балалардың саны – 120 мың.

Соңғы жаңалықтар