Әлеуметтік қызметтер порталына тауарларды сәйкестендіру кодтарымен енгізу тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді, мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді берушілерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеу немесе оларды тіркеуден шығару, сондай-ақ тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына жіберу қағидаларына» өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
Жаңа талаптарға сәйкес, әлеуметтік қызметтер порталында ұсынылатын тауарлар Ұлттық тауарлар каталогынан алынған сәйкестендіру кодтарымен белгіленуі міндетті болады. Бұл туралы министрлік басшысының бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Осы өзгерістер нәтижесінде порталға орналастырылатын барлық тауар Ұлттық тауарлар каталогында тіркелуі қажет. Аталмыш шаралар тауар түрлерін стандарттауға, өнімдердің жеткізушіден нақты тапсырыс берушіге дейінгі қозғалысын бақылауға және жалған мәмілелердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Жаңа талаптар тауарлардың бірыңғай және сенімді есебін жүргізуді қамтамасыз етуге, олардың сапасы мен шығу тегіне бақылауды күшейтуге, барлық жеткізуші үшін тең жағдай жасауға, сондай-ақ сертификатталмаған және сапасы төмен өнімдердің нарыққа түсуін болдырмауға бағытталған.
Сонымен қатар өзгерістер аясында портал жеткізушілерінен тауарлардың графикалық бейнелерімен бірге ақпараттық мәтіндік сипаттама ұсыну талап етіледі. Бұл сипаттама тауардың мақсаты, функционалдығы және техникалық параметрлерін қамтуы тиіс. Сипаттаманың болуы тауарды порталға жіберу жөніндегі комиссияның бағалау критерийлерінің бірі ретінде қарастырылады.
Аталған жаңашылдық тауарлар туралы ақпараттың толықтығы мен сенімділігін арттыруға, сондай-ақ көру қабілеті бұзылған адамдардың порталды пайдалану кезінде туындайтын қолжетімділік мәселелерін жоюға арналған.
Өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілмек. Бұл іс-шара әлеуметтік қызметтер порталы мен Ұлттық тауарлар каталогын интеграциялау мақсатында жүзеге асырылып жатыр. Бұйрық жобасы туралы ақпарат 2026 жылғы 2 ақпанға дейін «Ашық НҚА» интернет-порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Бұған дейін шетелдік маркетплейстерден сатып алынған тауарларды жеткізудің жаңа тәртібі енгізілгенін хабарлаған едік.