Әлеуметтік салаға қаржының әсіре көп бөлінуін құптамаймын - сарапшы
Арагідік Үкімет жиындары мен Парламент қабырғасында мемлекеттік бюджеттің мәселелері сөз болып жатады. Әсіресе, кейінгі жылдары бюджет тапшылығы басты тақырыпқа айналды. Енді жауаптылар бюджеттің кем-кетігін қалай толықтырғаны жөн? Kazinform тілшісі мәселені Экономика ғылымының докторы Атамұрат Шәменовпен бірге талқылады.
– Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстан бюджет тапшылығы мәселесіне жиі ұшырасып келеді. Соның әсерінен Ұлттық қордан қаржы алу тыйылған жоқ. Қаржы министрлігі келер жылы қордан 2 трлн теңге трансферт тартуды жоспарлауда. Үкімет бюджет тапшылығы мәселесіне қарсы қандай іс-шаралар қабылдағаны абзал?
– Менің ойымша, ең алдымен Үкімет бюджетке түсім жайымен жақсылап айналысқаны жөн. Осы істі кейінгі жылдары босаңсытып алған секілдіміз. Салық әкімшілігі деген түсінік бар. Пандемия кезінен бастап шағын және орта кәсіпке салықтық жеңілдіктер беріліп, уәкілетті органдар бизнесті еркіне жіберді десек – артық айтпаймыз. Жеңілдіктерден кейін шағын және орта бизнесті ешкім негізсіз тексере алмайтын болды. Ал бақылау болмаған жерде салық түсімдерінің аз болатыны даусыз.
Бұған салық мәдениеті қалыптаспағанының да әсері бар деп топшылаймын. Өйткені қайсыбір кәсіпкерлікті алып қарасаңыз да, салықтан жалтаруды ойлайтындар табылатыны жасырын емес.
Енді сандарға көз жүгіртіп көрейік, елдің жалпы ішкі өнімінде сауда саласының үлесі – 53,5 пайыз. Құрылыс саласы – 6, ауыл шаруашылығы саласы бар болғаны 4,3 пайызын құрайды. Ресми деректе жалпы ішкі өнімдегі кәсіпкерліктің үлесі 36,5 пайыз делінген. Өз басым осы статистикаға күмәнмен қараймын. Бірнеше жыл бұрын жеке отырып үңіліп, сандарды түгел шолып қарағанымда 18-20 пайыз шегінде екенін болжадым. Қазір де сол деңгейден біршама аса қойғанына сенімім аз.
Білесіз бе, дамыған елдерде бизнес жалпы ішкі өнімнің 60-70 пайызын құрайды. «Швед социализмімен» аты шыққан Швецияда кәсіпкерлер түгілі қарапайым азаматтар табысының 30 пайыздан астамын салық төлеуге жұмсайды. Ал кәсіпкерлері өз елінің алдындағы жауапкершілігін сезінеді, максималды деңгейде салық төлеуге қарсы емес, тек мемлекет жұмысын еркін атқаруға мүмкіндік берсе болғаны. Ал америкалықтар үшін салық төлемеу қылмыс секілді көрініс тапқан. Сондықтан салық мәдениетін жетілдіру қажет-ақ.
Бұл тұста мен табысына қарай салық төлету әдісін мақұлдар едім. Кім бай бола түседі – сол көбірек төлесін! Осындай бақылау ауқаттылардың мүлкін заңсыз шетелге шығаруға да тосқауыл қоя алар еді.
– Осыған дейін Қазақстан бюджетінің 40 пайызы әлеуметтік салаға бөлініп келсе, келесі жылдан бастап бұл мөлшер 45 пайызға жетпек. Жалпы, әлеуметтік салаға қаржыны көптеп бағыттай берудің кері әсері болмай ма?
– Жаңа айтқанымдай, бюджетті молайтудың бір әдісі – түсімдерді көбейту болса, екіншісі, тиімді жұмсау. Осы тұсқа келгенде мен әлеуметтік салаға қаржының әсіре көп бөлінуін құптамаймын. Шындығын айтайық, қазір осы саланың ішінде қарастырылған әлеуметтік көмек атаулы осал топтарды емес, масылдарды қорғауға ұқсап кетті. «Өмірде қиын жағдайға ұшырағандар үшін» деп Арнаулы әлеуметтік қызметті ұсынады. Толығымен алып тастау керек демеймін, әйтсе де көмек түрлерін қысқарту қажет. Мысалы, көмек санатында табысы төмен, еңбекке жарамсыз, асыраушысы жоқ, жұмыссыз, декреттік демалыс іспетті толассыз топтарды қалыптастырдық. Одан қалды ауылдық жерлерде кәсіп ашамын дегендер үшін грант бөлу жолдары шықты.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры есебінен жұмысынан айырылғаны үшін берілетін әлеуметтік төлемдер өткен жылмен салыстырғанда кемі 31 пайызға өскен, жалпы төлем биыл қыркүйекте 54,1 млрд теңгені құрапты. Неге? Өйткені бұл төлемді алу жеңілдеді, тіпті, портал арқылы онлайн өтініш беру оңай.
Жаңағы айтқан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры биыл 1-тоқсанның өзінде 840 мың адамға көмек берген. Әлеуметтік аударымдар көлемі 144 млрд теңгеден асады.
Жалпы, елімізде 34 түрлі әлеуметтік көмек бар екен. Соның ішінде 15 түрі адамды жерлеуге байланысты. Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, оларға теңестірілгендерді, бұрын қауіпті аймақтарда жұмыс істегендерді, әлеуметтік жәрдемақы алып келгендерді жерлеуге қаржы бағытталған. Осындай елеусіз дүниелердің өзі бюджет тапшылығын арттыра береді. Қаржы алақанда емес, жұмулы жұдырықтың ішінде болғаны дұрыс.
Негізі Үкіметтегі кез келген бастама толықтай талдануы керек. Бір бастама Еңбек министрлігінің көзқарасында тиімді болуы мүмкін, алайда қаржылық тұрғыдан шығынды талап етсе ше? Мұндай келіспеушілік кезінде жаңа бастамаларды қабылдаудың, әсіресе әлеуметтік көмек түрлерін көбейтудің реті жоқ. Меніңше, жаңа жобаларды қолға алуға келгенде ведомстволар бұра тартуға құмар. Өздерінің ойлағаны іске асса, өзге министрліктердің ұстанымы сәйкес келе ме, келмей ме – талқыламайды.
– Биыл үшінші тоқсанда Қазақстандағы орташа жалақы мөлшері 390 мың теңгеден асып түсті. Бұл санның көбіне шынайы ахуалдан алыс екенін айтушылар бар. Ал медианалық есептеу бойынша, орташа жалақы 285 мың теңге төңірегінде екен. Негізі орташа жалақы қандай әдіспен есептелгені дұрыс деп ойлайсыз?
– Әрине, орташа жалақыны әр ел өз бетінше түрлі әдістерге салып есептеп жатады. Қандай жолмен саналғаны емес, бар болғаны арифметика жөнді болса жеткілікті. Мәселен, елде 10 млн адам жұмыспен қамтылса, оның қаншасы мемлекеттік қызметші (олардың да санатын жіктеп көрсету керек), мұғалім, дәрігер немесе заңгер деп тізбектеп есебін шығару керек. Содан кейінгі іс – бір де бірін елеусіз қалдырмай әр саланың орташа жалақысын анықтау. Яғни, орташа жалақыны салалар бойынша жіктеген жөн. Алдымен әр саланы бөлек қарастырып, оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін зерделеп барып қорытынды шығарған абзал. Сол кезде шынайы ахуалдың бейнесі шығады.
Бірақ бұл істе ретсіздік көп табылатынын айтқым келеді. Мысалы, 200 мың теңге төңірегінде ғана жалақы алатын электриктер өте көп. Өз аумағына қарасты желілерді бақылайды, мойындарына үлкен жауапкершілік алған, жалпы оңай жұмыс емес. Бірақ энергия таратушы мекемелердің басшылары ай сайын бірнеше млн теңге жалақы алуы мүмкін. Бір сала болғанымен, табыс алшақтығы өте үлкен, соның әсерінен орташа мәндегі жалақы түрленіп шыға келеді. Бұл қай салада да бар үрдіс.
– Әңгімеңізге рақмет!