Әлеуметтік желіде заңсыз ұтыс ойындарын өткізген танымал әртістер айыппұл төледі

АСТАНА.KAZINFORM — Елімізде әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған бірқатар танымал тұлғалар мен блогерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті хабарлады. 

Әлеуметтік желіде заңсыз ұтыс ойындарын өткізген танымал әртістер айыппұл төледі
Фото: Pexels

Ведомство дерегінше, 2025 жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша (Лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуі) 89 адам жауапқа тартылған.

Миллиондаған жазылушысы бар инфлюенсерлерге 1,1 млн теңгеге дейін айыппұл салынған. 
Әртіс Рамазан Амантай (@Ramantay, 788 мың жазылушы) — 100 АЕК немесе 393 200 теңге айыппұл.

Әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқан (@Moldir.mt, 2,3 млн жазылушы) — 150 АЕК немесе 589 800 теңге айыппұл.

Әнші, блогер Мереке Қалбаева (@merekusha.k, 1,3 млн жазылушы) — 150 АЕК немесе 589 800 теңге айыппұл.

Сонымен қатар танымал блогерлер жұбы Нұрбек Нұртаза (@justking31, 7,4 млн жазылушы) және Әмина Нұртаза (@aminaxo26, 6,5 млн жазылушы) да әкімшілік жазаға тартылған. Нұрбекке 300 АЕК (1 179 600 теңге), ал Әминаға 210 АЕК (825 720 теңге) айыппұл салынған.

Комитет мәліметінше, 19 қыркүйекте олар Алматы қаласында екі қабатты үйдің ұтыс ойынын жариялап, қатысушылардан 29 990 теңге көлемінде «оқыту курсына» төлем қабылдағаны үшін жауапқа тартылған болатын.

Сондай-ақ ұтыс ойындарын өткізгені үшін ыдыс-аяқ, перде және басқа да тауарлар сататын коммерциялық аккаунттар да жауапқа тартылған.

Сонымен қатар заңсыз ұтыс ойындары әлеуметтік желілерді мониторингтеу және азаматтардың шағымдары арқылы анықталады. Кейбір бұзушылықтарға қатысты түсіндіру жұмыстары өткізілген.

Комитет өкілдері түсіндіргендей, егер құқық бұзушы әкімшілік қаулымен келіссе, айыппұлды өз еркімен төлейді, ал келіспеген жағдайда іс сотта қаралады.

ӘҚБтК-нің 445-1-бабына сәйкес, заңсыз лотерея өткізгені үшін жеке тұлғаларға — 100 АЕК, жеке кәсіпкерлерге — 300 АЕК айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері тиісінше 200 және 750 АЕК-ке дейін ұлғайып, табыс тәркіленеді.

Бұған дейін Блогер Justking31 ісі қаржылық тексеруге жіберілгенін жазғанбыз.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев пранк арқылы қоғамдық тәртіпті бұзатын блогерлерді қатаң жауапқа тарту қажеттігін айтты. Оның айтуынша, кей блогерлер адамдарды қорқыту, қоғамдық орында ақымақтық жасау сияқты әрекеттерді «пранк» деп атап, шектен шығып отыр. 

Соңғы жаңалықтар