Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әлеуметтік желілер адамның қайғысын реалити-шоуға айналдырды – Бақытжан Бұқарбай

АСТАНА. KAZINFORM – Жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай әлеуметтік желілердегі адам қайғысын жария түрде көрсету мен оны табыс табу құралына айналдыру қоғамға кері әсер етіп жатқанын айтты.

а
Видеодан алынған скрин

Ол бұл пікірін Dala podcast эфирінде білдірді.

– Біз тарихи күресте шыңдалдық, барлық жауымызды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Жоңғарлар қайда, біз қайдамыз? Бүгінде бізге сырттан қауіп төндіріп тұрған тежеуші факторлар жоқ, – деді Бақытжан Бұқарбай.

Оның айтуынша, Қазақстан өзінің қуатты мемлекет екенін әлдеқашан дәлелдеген. Соған қарамастан, жекелеген медиатұлғалар мен блогерлер қоғамда жасанды түрде қайғы-қасірет культін қалыптастырып, бақытсыздық образын дәріптеп келеді.

– Ауру балалардың бейнесі мен өзгенің қайғысын әлеуметтік желідегі қаралым мен табыс үшін пайдалану реалити-шоуға айналды. Бұл құқықтық әрі этикалық нормаларды өрескел бұзады, – деді ол.

Саясаттанушының пікірінше, адам қайғысын контент пен қаржылық пайда үшін пайдаланудың салдарынан қоғамның ойлау жүйесі өзгереді, адамдардың бір-біріне деген шынайы жанашырлығы әлсірейді. Сондықтан мұндай әрекеттерге мемлекет тарапынан қатаң тосқауыл қойылуы қажет.

Сонымен қатар Бақытжан Бұқарбай гаджеттерге шамадан тыс тәуелділік пен зейіннің төмендеуі жас ұрпақтың терең аналитикалық ойлау қабілетіне кері әсер етіп жатқанын айтты.