Альфа ұрпақ тәрбиесіндегі басты қағида — тыйым салу емес - маман
АСТАНА. KAZINFORM — Цифрлық технологиялар дәуірінде дүниеге келген альфа ұрпақтың бос уақытты өткізу әдеттері де ерекше сипатқа ие. Маман пікірінше, бұл буынды тәрбиелеуде түсіністік пен дұрыс бағыт-бағдар беру аса маңызды.

Жаңа дәуір өкілдері — альфа ұрпақ цифрлық әлемде дүниеге келіп, сонда өсіп жатыр. Бұл ұрпақтың өмір салты, қызығушылығы, тіпті ойлау жүйесі де бұрынғы буындардан едәуір өзгеше. Бос уақытты өткізудің дәстүрлі жолдары — далада ойнау, кітап оқу немесе спортпен шұғылдану — біртіндеп смартфондар, планшеттер, TikTok, YouTube секілді платформаларға орын берді.
— Қазіргі альфа ұрпақ цифрлық ортада дүниеге келген буын. Сондықтан, смартфон — олардың дамуына кедергі емес, керісінше дұрыс бағытталған жағдайда әлеуетін ашатын құрал. Бірақ бала психикасы үшін тепе-теңдік маңызды. Физикалық белсенділік, тірі қарым-қатынас пен табиғи орта баланың эмоциялық тұрақтылығын, өз-өзін тануын қалыптастырады, — деді мектеп психологі Серікгүл Батырқызы.
Балаға дұрыс бағыт беру — ата-ананың басты міндеті. Бұл ұрпақтың өз уақытын тиімді пайдалануы көбіне отбасы мен әлеуметтік ортаның қолдауына байланысты.
— Бос уақытты тиімді басқаруда альфа ұрпақтың әлсіздігі байқалады. Олар спорт пен қозғалыстан гөрі смартфонға көп үңіледі. Бұл орайда ұрпағымыздың сауаттылығы ата-анаға, ортаға, қоғамға тікелей байланысты деп білемін. Қазіргі тәрбиенің басты қағидасы — тыйым салу емес, керісінше оларды түсіну және бағыт беру, — дейді педагог-психолог Қарлығаш Кенжеғұлова.
Мамандардың айтуынша, құрылғыны мүлде шектеу көбінесе кері әсер береді. Мұндай қатаң тыйым балада жасырын әрекетке, өтірік айтуға немесе қарсылық көрсетуге итермелеуі мүмкін. Оның орнына — баланың онлайн кеңістіктегі белсенділігін бірге бақылап, саналы түрде бағыттау әлдеқайда нәтижелі болмақ.
— Жалпы қай жаста болса да бала тәрбиесі ата-ана үшін алдыңғы кезекте болары хақ. Ал альфа ұрпақ дегеніміз — ерекше мән беретін, түсіністік танытып, ынтымақтастық атмосфера қалыптастыра отырып жүретін тәрбиемен өсетін ұрпақ дер едім. Ғаламтордың дәурені жүріп тұрған заманда өмір ағымынан қалмай интеллектуалды тұрғыдан дамуға пайдалы ақпарат алу керек-ақ. Алайда, шегі мен шетін білу маңызды. Пайдалы ақпарат болғанын қадағалау керек, — деді Серікгүл Батырқызы.
Айтуынша, альфа ұрпақты өзгертеміз деген ұмтылыс нәтиже бермейді. Керісінше, олармен бірге өзгеріп, оларды түсіне отырып тәрбиелеу — бүгінгі күннің басты шарты. Түсіністік пен сенімге негізделген қарым-қатынас қана жаңа буынның саналы әрі жауапкершілікті тұлға болып қалыптасуына жол ашады.
Ал дарынды баланы қалай тәрбиелеу керек? 7 жасар математик баланың анасының кеңесін оқи отырыңыз.
Ақерке Қабдұлкәкім