Алғада туған ару әлемдік жобаларды атқарып жүр
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысының шағын ғана Алға қаласынан шыққан қазақ қызы бүгінде АҚШ, Аустралия, Түркия, Ұлыбритания секілді алпауыт елдердің инженерлік жобаларында өз қолтаңбасын қалдырып келеді.
Ол – құжат жүргізудің қатаң тәртібі мен сапа менеджментінің талаптарын бес тілде еркін меңгерген, өндірістік ортадағы кәсібилігімен мойындалған маман. Египет астанасы Каирде тұрып жатқан Әсел Жолманова агенттік тілшісіне өзінің шынайы табыс тарихын, қиындық пен мүмкіндік қатар өрілген кәсіби жолын, арманы мен азабы қатар жүрген күндерін ашық айтып берді.
Қарапайым мұғалімнен — халықаралық маманға дейін
– Әсел, бүгінде сізді әлемдік жобаларда жұмыс істейтін білікті маман ретінде білеміз. Ал кәсіби жолыңыздың бастауы тым қарапайым ұстаздықтан басталған екен. Сол алғашқы қадамдарыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Иә, менің еңбек жолым Ақтөбедегі Жұбанов университетінен басталды. Ол кезде менің жалғыз мақсатым – жақсы мұғалім болу еді. Анам: «Сен тіл үйренуге бейімсің, сабырлысың, баламен жұмыс істеуге жарайсың» деді. Мен де сеніп, мұғалімдік мамандыққа оқуға түстім. Бірақ өз жүрегімде әрдайым шетелдік ортаға, ауқымды жобаларға деген ұмтылыс болды. Тіл білетініммен, өзімді бір орында тоқтап қалғандай сезіндім.
Мектеп пен тіл орталығында жүргенімде, ішімде «тағы не істей аламын?» деген сұрақ кетпей тұратын. Ақыры, бір күні бәрін тастап, шетелдік компанияға түйіндеме жолдадым. Бұл өмірімдегі алғашқы үлкен тәуекел еді.
– Сол тәуекелдің соңы сізді Теңіз кен орнына алып келді ғой, иә?
– Иә, дәл солай. Қолымда педагог дипломым бар жас қыз едім. Бірақ Теңізге ағылшын тілін үйретуші ретінде шақырылдым. Ал ол жақта бәрі басқа –қауіпсіздік техникасы, жұмыс тәртібі, ішкі мәдениет, құжатқа деген ұқыптылық. Рас, алғашында қорықтым. Бірақ әр сәт мені шыңдай берді. Сол өндірісте жүріп мен өндірістік процестің ішінде болғым келетінін ұқтым.
Кеңсеге емес, жүйеге үлес қосқым келді.
«Техник маман болу – мен үшін таңдау емес, қажеттілік еді»
– Сіз тек әкімшілік қызметтермен шектелмей, техникалық позицияға дейін көтерілгеніңізді білеміз. Қайта оқуға баруға не итермеледі?
– Бір күні маған қаратып: «Сен тек аудармашы ғанасың ғой» деген сөз айтылды. Осы сөз жүрегіме тікен болып қадалды. Себебі, мен сол сәтте ғана емес, бұрыннан бері өндірістік процестердің тереңіне бойлағым келетінін сезіп жүргенмін. Тек маман ретінде мойындалғым келді. Аударған құжатты өзімнің де түсініп, сапасын тексере алатын деңгейге жеткім келді.
Сөйтіп, Алматыға аттанып, Сәтбаев атындағы университетке оқуға түстім. Құрылыс инженері деген аты ауырлау болғанымен, жүрегіме жақын болды.
Қос диплом алғаннан кейін ғана мені нағыз инженерлік ортада серіктес ретінде қабылдай бастады. Бұл — менің ең маңызды кәсіби жеңістерімнің бірі.
– Өндірістік ортада ер адамдардың үлесі жоғары. Әйел ретінде кедергі көп болған шығар?
– Иә, әрине. Басында «бұл әйел көп жүрмейді», «мұндай сала нәзік жанға ауыр» деген пікірлер айтылды. Кейде, тіпті техникалық жиналыста айтқан пікірімді елемеуге тырысатындар болды. Бірақ уақыт өте кәсібилік бәрінен биік тұратынын дәлелдедім. Әрбір есеп, әрбір құжат, әрбір мерзім – менің еңбегім. Жыныс емес, нәтиже сөйлейтінін көрсеттім. Қазір сол саланың ішінде менің пікірім еленеді, кеңесім сұралады.
Бұл – күнделікті күрес пен табандылықтың жемісі.
«Жетістік — статистика емес, ерік пен еңбек»
– Сіз кәсіби салада нақты нәтижелерге жеткеніңізді ашық айтып жүрсіз. Сол жетістіктердің астарында не тұр?
– Бір қарағанда, бәрі сандар сияқты: 5000 инженерлік құжат, 1000 беттен астам техникалық аударма, құжат бекіту процесін 20 пайызға жеделдету, сәйкессіздіктерді 15 пайызға азайту...
Бірақ бұл сандардың артында мыңдаған сағаттық еңбек, үзіліссіз оқу, уақытпен санаспайтын түндер, ішкі қысым мен жауапкершілік бар.
Әр жоба – менің ішкі өсуімнің айнасы. Әрбір қиын тапсырма – менің кәсіби келбетімнің бір кірпіші.
– Қазір қайда тұрып, кімдермен жұмыс істеп жүрсіз?
– Қазір Каир қаласында тұрамын. Египет — мәдениеті, менталитеті, тілі бөлек ел. Бірақ бұл ел менің кәсіби шекарамды кеңейтіп, жаңа ортада да өз орнымды табуға мүмкіндік берді.
АҚШ, Аустралия, Ұлыбритания, Түркия мемлекеттерінің компанияларымен жұмыс істеп жүрмін.
Facebook-тағы достарымның географиясы да кең: Лондон, Хьюстон, Ыстанбұл, Каир...
Кейде өзім де таңғаламын: Алғаның кішкентай көшесінен шығып, әлемдік жобалардың бір бөлшегіне айналамын деп кім ойлаған?!
«Басқаларға шабыт беру – менің парызым»
– Біздің білуімізше, сіз кәсіби қызметтен бөлек, әлеуметтік жобаларға да атсалысып жүрсіз...
– Иә. Бұл мен үшін өте маңызды. Мәселен, P.L.A.P. жобасы арқылы жастарға тіл үйренуге, өз болашағын кәсіби тұрғыда дұрыс бағыттауға көмектестім. Бұл менің қоғамға қайтаратын қарызым десем де қателеспеймін.
Мен жалғыз емес екенімді білемін. Мен секілді ауылдан шыққан, арманы биік ұл-қыздар көп. Оларға тек сенім жетіспейді. Ал мен оларға сенім сыйлағым келеді.
– Соңғысауалымыз, өмір жолына енді қадам басқан жас қыз-жігіттерге не айтасыз?
– Армандаудан қорықпаңыз. Арманның шекарасы жоқ. Бірақ сол арман үшін күн сайын әрекет ету керек. Өзіңе сен, білімге ұмтыл, өзіңе инвестиция жаса.
Бастапқыда бәрі қорқынышты көрінеді. Бірақ сол қорқыныштың арғы жағында нағыз өсу жатыр.
Мен өз жолымды дәл осылай таптым. Алға деген кішкентай қаладан әлемдік жобаға жетуге болатынын дәлелдедім. Демек, сіз де қол жеткізе аласыз.
– Әңгімеңізге рахмет!