Алғашқы қазақ әйел-журналист: Нәзипа Құлжанованың мұрасы неге әлі де өзекті

АСТАНА. KAZINFORM — 28 маусымда Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Осыған орай, біз отандық журналистиканың бастауында тұрған әйел – Нәзипа Құлжанова туралы баяндауды жөн көрдік.

Алғашқы қазақ әйел-журналист: Нәзипа Құлжанованың мұрасы неге әлі де өзекті
Фото: Wikipedia

Қазақ қоғамында өз дәуірінен озып туған, ұлттың рухани дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Нәзипа Құлжанова. Ол тарихқа алғашқы қазақ әйел-журналистерінің бірі ретінде енді, алайда оның қоғамның дамуына қосқан үлесі бұл саладан әлдеқайда кең.

Философия докторы (PhD), Алматы технологиялық университетінің ассистент-профессоры Малика Шашаеваның айтуынша, Нәзипа Құлжанова қазақ әйелдерінің қоғамдық санасының қалыптасуына зор ықпал еткен тұлға.

Алматы технологиялық университетінің ассистент-профессоры, философия докторы (PhD)
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Нәзипа Құлжанова – қазақ әйелдері арасынан шыққан ең алғашқы журналист, этнограф, ғалым, педагог, этнопедагогиканың негізін салушы. Қазақ әйелдерінің алғашқы қозғалысының негізін қалаған да осы Нәзипа Құлжанова. Ол Алаш қозғалысында да белсенді мүше болған. Біз көп жағдайда оны тек журналист немесе Алашорданың мүшесі деп қана айтамыз. Бірақ оның бізге қалдырған мұрасы өте бай. Нәзипа Құлжанова қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы сауатты, білімді әйелдердің бірі, – дейді ғалым.

Алтынсариннің ізбасары

Нәзипа Құлжанова Торғай өлкесінде білім алған, кейін Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясында оқыған. Зерттеушілер оны көбіне Ыбырай Алтынсариннің ізбасары деп санап, ұстаздың ағартушылық жолын жалғастырған тұлғалардың қатарына жатқызады. Ол Ыбырай Алтынсарин ашқан училищеде білім алған болатын. Өз білімін жетілдірген соң Семейде жары Нұрғали Құлжановпен бірге ағартушылықпен айналысты. Ол сауатсыздықты жою мәселесін алға тартып, қазақ балаларына зайырлы мектептерде білім беруді алға тартқан адамдардың бірі болды.

Малика Шашаеваның пікірінше, Нәзипа Құлжанованың педагогикалық еңбектері өз дәуірі үшін ғана емес, бүгінгі күн үшін де маңызды.

Нәзипа Құлжанованың педагогика саласындағы ең басты еңбектері – 1923 жылы жазылған «Мектептен бұрынғы тәрбие» және 1927 жылы жарық көрген «Ана мен бала тәрбиесі» атты кітаптары.

– ХХ ғасырдың алғашқы жартысында мұндай тақырыптарға арналған еңбектер жоқтың қасы еді. Нәзипа Құлжанова осы бағытта алғашқылардың бірі болып еңбек жазды. Ол өз еңбектерінде шетелдік тәжірибелерді зерттеп қана қоймай, оларды қазақ қоғамының ерекшеліктеріне бейімдей білді, – дейді зерттеуші.

Нәзипа Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» кітабы әдістемелік еңбек ретінде жазылған. Ол Қазақстанның Оқу комиссариатының тәрбие бөлімі мен Ахмет Байтұрсыновтың тапсырысымен жарық көрген, кітаптың алғысөзін Ахмет Байтұрсынов өзі жазған.

– Кітаптың алғашқы тарауы «Күллі жер жүзінде» деп аталады. Онда Италия, Швейцария, Шотландия секілді елдердің балабақша жүйесі мысалға келтірілген. Италияда балаларға қажетті барлық құрал-жабдықтар берілетіні, Швейцарияда балалардың ерекшеліктеріне сай арнайы оқыту бағдарламалары жасалатыны, Шотландияда күн сайын балабақшаға келген және кетер кезде балалардың топтық ән шырқайтыны айтылған. Демек, бұл жай ғана әдістемелік кітап емес, астарында үлкен зерттеу жұмысы жатқан еңбек, – деп түсіндірді ассистент-профессор Малика Шашаева.

Ал «Ана мен бала тәрбиесі» кітабында Нәзипа Құлжанова шетелдік дәрігерлердің еңбектерін зерттеп, оны қазақтың менталитетіне бейімдеп жазған. Кітапта ананың күтімі, баланың денсаулығы, тазалық, тамақтандыру мәселелері жөнінде кеңестер берілген. Мұның барлығы сол кезеңдегі бала өлімін азайтуға, аналар өлімінің санын төмендетуге бағытталған маңызды еңбектердің бірі болды.

– Нәзипа Құлжанованың арнайы медициналық білімі болмағанымен, бұл еңбектің бағасы өте зор. Сол дәуірдің өзінде Ахмет Байтұрсынов бұл кітаптарға жоғары баға берген. «Мектептен бұрынғы тәрбие» еңбегін Қазақстан топырағында бұрын-соңды жазылмаған тың туынды деп атаған. Қазіргі таңда да отандық педагогикада бұл еңбектер өте жоғары бағаланады. Нәзипа Құлжанова қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш педагог-зерттеуші, мектепке дейінгі тәрбие ғылымының негізін салушы, қазақ этнопедагогикасының дамуына үлкен үлес қосқан тұлға ретінде бағаланады, – дейді ғалым.

Қазақ журналистикасындағы алғашқы қарлығаштардың бірі

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ әйелдерінің журналистикаға келуіне сол кезеңдегі қазақ зиялылары себепкер болды. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин сынды азаматтар «Қазақ», «Айқап», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» сияқты мерзімді басылымдарды ашып, қазақ қыздарын да осы жұмыстарға тарта бастады. Солардың бірі – Нәзипа Құлжанова. Ол «Қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Теңдік» секілді басылымдарда мақалалар жариялап, қазақ әйелдерінің әлеуметтік жағдайы, білім алуы мен теңдігі мәселелерін көтерді.

1914 жылы «Қазақ» газетінің бір жылдығына орай Нәзипа Құлжанова қазақ әйелдерінің атынан құттықтау жолдап, газетке деген ризашылығын білдірген. 1923 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында оның «Жалпы әйел мейрамы» атты мақаласы жарияланды.

– 1922 жылы «Қызыл Қазақстан» журналына «Октябрь төңкерісі және қазақ әйелі» атты мақаласын жариялаған. Бұл мақала сол кезеңдегі феминистік бағытта жазылған батыл мақалалардың бірі деуге болады. Бұл мақала оның саяси белсенділігін айғақтайды. Осы мақаласында Нәзіпа былай дейді: «Бұрынғы қазақ халқының ешкімге бағынбай, өз күнін өзі көріп, кең сахарада мал бағып еркін жүрген заманында қазақтың әйелдері еркін, қайратты, тіршілік күресінде ерлерге шын жолдас бола білген. Қандай қиын-қыстау жерлерде ақыл беріп, айла тапқан әйелдер болған». Мақалада отарлық саясаттың әсерінен қазақ қыздарының жағдайы төмендеп, үй санын көбейту үшін қыздарды еркінен тыс ұзату, бесіктегі қыздарға құда түсу сияқты дәстүрлер кең таралғанын сынға алады. Мақалада қазақ қыздарының сол кезеңдегі жағдайына, әйел теңсіздігінің төркіні қайдан шыққанына терең саяси талдау жасалған. Оның саяси көзқарасы толық қалыптасқанын байқауға болады, – дейді Малика Шашаева.

Ғалымның айтуынша, оның саяси көзқарастары «Теңдік» газетінде жарияланған «Қазақ әйелдеріне» атты мақаласында да көрініс тапқан. Онда кеңес өкіметінің әйелдердің сауатын ашуға бағытталған жұмыстарын мәлімдей отырып, қазақ әйелдеріне үндеу тастайды: «Газет-журналды алыңдар, алғызыңдар, оқытыңдар! Сілкініңдер! Ұмтылыңдар! Рақатсыз, берекесіз, қатын өсек деген атақтан басқа түк бермеген, ошақтың ұш бұты күйбеңінен жоғарырақ ойлап, қанаттарыңды қағыңдар» деп, әйелдерді өз ойларын еркін айтуға, батыл болуға шақырады.

1927 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында «Ақын Шолпан» атты мақаласы шықты. Бұл мақала әйелдер қозғалысының мүшесі, оның байырғы құрбысы, 23 жасында қайтыс болған ақын Шолпан Иманбаеваға арналған. Кейіннен Нәзипа Шолпанның өлеңдерін жинақтап, кітап етіп бастырып шығарды.

Одан бөлек, 1925 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында «Маржан» атты әңгімесі жарық көрді. Бұл шығармада сол кезеңдегі қазақ әйелдерінің ауыр тағдыры көркем түрде бейнеленген. Əңгімеде Маржан өмірінің аянышты кезеңдерін суреттеу арқылы қазақ ауылындағы жағдайларға назар аударады.

Нәзипа және Алаш қайраткерлері

Ғалымның пікірінше, Нәзипа Құлжанованың саяси белсенділігінің артуына, ең алдымен, сол кезеңдегі қазақ қыздарының жағдайы әсер етті. Өткен ғасырларда қазақ қыздары батырлығымен, батылдығымен, еркіндігімен көзге түссе, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде әйел теңсіздігі ең өткір әлеуметтік мәселенің біріне айналды.

– Тіпті Нәзипа Құлжанованың өзі де осындай жағдайдың құрбаны болған. Әкесі қызын байдың баласына беруге келіседі. Алайда қалыңдықты алып кетуге келгенде Нәзипа бұған қарсы шығып, Ресей прокурорына шағымданып, қазақ тарихында алғаш рет қыз баланың еркінен тыс ұзатылуына байланысты сот отырысы өткен. Бұл сол кезеңдегі үлкен қоғамдық резонанс тудырған оқиғалардың бірі болды. Яғни Нәзипа Құлжанова сол кездің өзінде тағдырына мойынсұнбай, өз өмірі үшін күресте алғашқы қадамын жасай білген, – дейді ғалым.

Нәзипа Құлжанованың саяси белсенділігінің қалыптасуына Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қазақ зиялыларымен байланысы үлкен әсер етті. Жалпы қазақ феминизмінің бастауында Алаш зиялылары тұр деп айтуға болады. Өйткені қазақ зиялылары әйелдер теңсіздігі мәселесін шешуде ерекше белсенділік танытты. Бұл ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әйелдер қозғалысының қалыптасуына ықпал етті.

1917 жылы Алаш зиялыларының бастамасымен өткен съездердің күн тәртібінде қазақ қыздарына білім беру мәселесі қаралды. Алғашқы съезді Әлихан Бөкейханов ашты. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі ұлдармен қатар қазақ қыздарына да зайырлы білім беру қажеттігі болды.

Сол жылы Семей облысындағы съезінде Нәзипа Құлжанова сол кездегі қазақ әйелдерінің жағдайы туралы баяндама жасап, қалың мал мен көп әйел алушылықты жою қажеттігі туралы сөз қозғайды. Оның бұл пікірлерін Ахмет Байтұрсынов та қолдап, қазақ қыздары үшін неке жасын он алты, ер балалар үшін он сегіз жас деп белгілеу, әйелдер өздерінің ықтиярымен ғана сүйіктісіне қосылуы, жеті атаға дейін, яғни туысқандар қыз алысып-беріспесін деп айтып кеткен болатын.

Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынов 1909 жылы Семейде түрмеге қамалған кезде Нәзипа Құлжанова Қарқаралыдан арнайы келіп, оған тамақ, хат-хабарларын жеткізіп тұрған. Ахмет Байтұрсынов та Нәзипаға арнап ««Н.Қ. ханымға» деген өлең жолдарын жазған болатын.

Сұлтанмахмұт Торайғыров та Нәзипаға арналған өлең жолдарын арнаған. Ал Жүсіпбек Аймауытұлының өзі «Айқап» журналына Нәзипа жайлы былай деп жазған: «Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуы тиіс» деп жоғары баға берген болатын.

Абай мұрасын алғаш насихаттаушылардың бірі

Нәзипа Құлжанова қазақ руханиятының дамуына да айрықша үлес қосты. Ол Семейде Орыс географиялық қоғамында жары Нұрғали Құлжановпен бірге біраз уақыт қызмет атқарған болатын. Сол кезеңнің өзінде қазақтың салт-дәстүрлерін, әдеби шығармаларын жинақтап, этнограф ретінде зерттей бастаған.

1914 жылы Семейде «Абай Құнанбаевтың қайтыс болуына он жыл толуына орай əдеби кеш» ұйымдастырып, ақын мұрасын кеңінен насихаттады. Сол кеште «Абайдың өмірі мен ақындық жолы жайлы» орыс тілінде баяндама жасайды, Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударып жариялайды. Баяндамасының соңында: «Абайды туғызған қазақ даласы тағы да талай Абай секілді, бəлки онанда артық данышпандар туғызар» деп аяқтайды.

– Егер Нәзипа Құлжанованың қызметіне зер салсақ, оның үнемі көш бастап жүргенін байқаймыз. Ол әрдайым жаңа бастамалардың басында жүрген. Абайға арналған бұл кеш те сондай игі істердің қатарына жатады. Петербургтің үлгісімен өткізілген бұл кешке Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сапарғали Бегалин сияқты біртуар азаматтар қатысқан. Кештің соңында жиналған қаражатты өзіне жұмсамай, Петербург, Қазан, Томск, Омбы сияқты қалаларда оқитын қазақ жастарына көмекке жіберген, – дейді Малика Шашаева.

Сонымен қатар Нәзипа Құлжанова Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын жинақтау және насихаттау ісіне де атсалысқан.

– Ал Шәкәрім шығармаларын жинақтап, баспаға әзірлеу қызметі жөніндегі мәселе, өкінішке орай, әлдеқайда аз зерттелген. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, Шәкәрім мұрасы 30-шы жылдардан кейін ұзақ уақыт бойы тыйым салынды. Архивтік құжаттардың едәуір бөлігі ғылыми айналымға кеш енді. Екіншіден, Нәзипа Құлжанованың редакторлық қызметі монографиялық деңгейде қарастырылмаған. Нәзипа Құлжанова туралы ғалым Гүлжан Кәрібжанова 2003 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында кандидаттық диссертация қорғаған болатын. Ол Нәзипа Құлжанованың жеке мұрағаты толық ғылыми айналымға енбегендіктен, оның тарихи тұлғасын жан-жақты зерттеу әлі мүмкін болмай отырғанын атап өткен. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады деп ойлаймын, – дейді Малика Шашаева.

Нәзипа Құлжанова өзі Семейде қызмет атқарды, әрі Абай мұрасы – ұлтқа деген үлкен құрметтің белгісі. Абай жай ғана ақын емес, ол философ, ағартушы, оның мұрасы өте бай. Шәкәрім Құдайбердіұлы да дәл сондай тұлғалардың бірі. Нәзипа Құлжанова Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударып қана қойған жоқ. Сонымен қатар Лев Толстой, Владимир Короленко сияқты орыс жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған алғашқы аудармашылардың бірі ретінде де танылды.

– Абай – ұлттың рухани байлығы. Сонымен қатар ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы сауатсыздық мәселесі өте өткір болды. Сондықтан халықты ояту, рухани серпілту мақсатында Нәзипа Құлжанова Абай мұрасын насихаттауға ерекше мән берген деп ойлаймын, – деп түсіндірді ғалым.

Әлі де толық зерттелмеген мұра

Маманның пікірінше, Нәзипа Құлжанованың мұрасы әлі толық зерттелген жоқ. Оның бірқатар қолжазбалары мен архивтік құжаттары ғылыми айналымға енбей отыр.

Нәзипа Құлжанованың көптеген мақалалары сол кезеңдегі баспасөз беттерінде жарық көргені белгілі. Сонымен қатар оның қалыңмал мәселесіне байланысты прокурорға жазған шағым хаттары Санкт-Петербургтегі Орталық мемлекеттік тарихи архивінде сақталған.

Сондай-ақ Алаш қозғалысына қатысты жанама материалдарда да Нәзипа Құлжанованың есімі кездеседі. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде, Президент архивінде Нәзипа Құлжановаға қатысты түрлі материалдар мен деректер сақтаулы.

Ал Абай Құнанбайұлының құрметіне арналған кешке қатысты материалдарды Шығыс Қазақстан облысының кітапханалары мен музейлерінен кездестіруге болады.

– Алайда Нәзипа Құлжанованың мұрасы және оның тарих пен қоғамға қалдырған ізі әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Сол себепті отандық және шетелдік архивтерді толыққанды зерделеу маңызды. Өкінішке қарай, ашаршылық кезеңіне және оған дейінгі кезеңдерге, сондай-ақ қуғын-сүргін жылдарына қатысты Ресей архивтеріне толық қол жеткізе алмай отырмыз. Көптеген деректер әлі ғылыми айналымға толық енді деп айту қиын. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы зерттеулер жалғаса береді деп ойлаймын, – деп қорытты PhD Малика Шашаева.

Арада бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, Нәзипа Құлжанованың ағартушылық идеялары, қазақ әйелдері арасынан шыққан қазақ журналисі ретіндегі мұрасы – қазақ қоғамының рухани дамуы мен әйелдер тарихын зерттеудегі құнды қазына.