Али Алиев футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкері қызметінен кететінін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Али Алиев өз еркімен қызметінен кететінін мәлім етті.
Қазақстандық маман мұндай шешімге ұлттық құраманың 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгиядан ірі есеппен (0:6) жеңілгеннен кейін келген.
- Қысқа ғана айтқым келеді: жеңілісті өз мойныма аламын, бұл – менің кінәм. Футболшылардың еш қатысы жоқ. Елге оралған соң бірден жұмыстан кету жөнінде арыз жазамын, - деді ол ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Али Алиев 1980 жылы 27 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген.
Футболшы мансабында «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Шығыс», «Ордабасы» және «Қызылжар» клубтарында ойнады. Сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиеспор», «Карталспор» және «Диарбакырспор» командаларында өнер көрсеткен.
Бапкерлік мансабын 2014 жылы «Ордабасы» сапында ойыншы әрі бапкер ретінде бастады. 2018 жылы футболшы мансабын аяқтаған соң Петропавлдың «Қызылжар» клубының тізгінін ұстап, Премьер-лигаға шығарды.
2021 жылы Әлиев Қарағандының «Шахтер» клубында бас бапкер болып жұмыс істеп, кейін «Астана» ФК жастар командасын басқарды.
2022 жылы «Жеңіс» командасын жаттықтырып, содан кейін қайтадан «Қызылжарға» оралды. Әли Әлиевтің жетекшілігімен петропавлдық клуб УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңінің үшінші айналымына дейін жетті.
Оның басшылығымен Қазақстан ұлттық құрамасы биыл қаңтар айынан бастап 7 кездесуде екі мәрте жеңіп, қалғанында қарсыластарыне есі жіберді.
Қазірге дейін қазақстандық футболшылар Бельгиядан өзге Уэльс (1:3, 0:1) пен Солтүстік Македония (0:1) құрамаларынан жеңіліп, Лихтенштейннен (2:0) басым түсті.