Әлихан Байменов Терминком мүшелері қандай шет тілдерін білуі керектігін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Терминология комиссиясында шет тілдерін білетін мамандар болуы тиіс. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов айтты.

Ғалымдар қазақ тіліндегі медициналық терминдердің сөздігін шығармақшы
Фото: termincom.kz

— Менің ойымша, Терминкомда ең алдымен міндетті түрде бүкіл түркі тілдес халықтың — түрік, әзербайжан, татар, өзбек, қырғыз тілін білетін адамдар болуы керек. Өйткені, кейде сол елдерге барғанда біз жаттанды түрде қолданып жүрген сөз тіркестеріндегі кей сөздерді олардың басқа мағынада пайдаланып жүргенін байқаймыз. Екіншіден, ағылшын тілін білетін адамдар болуы тиіс. Өйткені, әлемдегі жаңалықтардың басым көпшілігі сол тілде. Үшіншіден, араб және қытай тілдерін білетін адамдар болуы қажет. Төртіншіден, бізде тұратын үлкен диаспоралардың, Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан көшіп келген қазақтардың өкілдері болуы тиіс, — деді Әлихан Байменов.

Комитет төрағасы мұндай ұсынысын Тіл білімі институтының басшылығына жеткізгенін айтты.

— Өмірде адам, жас бала оңай жолын іздейді. Қазақ тілінде балама сөзі болмаса, өзі біліп тұрған тілде сөйлеп кетеді. Орыс тілінің қолдану аясының бұрынғыша қалып отыруының бір себебі де осы, — деді ол.

Осыдан бұрын мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның жобасында ескірген, мағынасы өзгерген сөздер қайта қаралғанын айтты.