Хақылы ма, құқылы ма — Ерлан Қарин Конституция мәтінінде біріздендірілетін терминдерді атады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның жобасында ескірген, мағынасы өзгерген сөздер қайта қаралғанын айтты.

Конституция
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Ескірген, мағынасы өзгерген немесе табиғаты дұрыс ашылмаған сөздер қайта қаралды. Бұған дейінгі отырыстарда жекелеген баптар туралы айтқанда осы мәселеге аз-кем тоқталған едім. Қазіргі Ата Заңда кезінде қолданылған, қазір ұмыт бола бастаған «мемлекеттік қауіпсіздік», «телеграф», «тектік-топтық араздық» секілді терминдер болатын. Ол жөнінде сіздерге өткен жолы айтқан едім. Соның бір мысалы — «мемлекеттік қауіпсіздік» деген сөз тіркесі. Ол Кеңес дәуірінде кеңінен қолданылған сөз тіркестерінің бірі. Қазір мұндай термин мүлдем қолданылмайды. Оның орнына көп жылдан бері «ұлттық қауіпсіздік» деген сөз тіркесін, атауды қолданып жүрміз, — деді ол.

Ерлан Қарин 1995 жылы қабылданған Ата заңда «тосқауылдарға тұруға» деген сөз тіркесі кездесетінін атап өтті.

 — Мұны көбі түсінбей жатады. Қолданыстағы заңда осы тіркес «пикет өткізуге» деген мағына беру керек еді. Сол себептен жаңа мәтінде солай деп өзгерттік. «Хақылы», «хақысы жоқ» деген сөздер қазір мұндай формада айтылмайды. Сол себепті, «құқылы, құқығы бар», «құқылы емес, құқығы жоқ» деп жазылды. Сонымен қатар, қазақ тілінде қате қолданылып жүрген «болып табылады» деген сөз тіркесі барлық жерден алынып тасталды. Өткен аптада жарияланған жаңа мәтінді жетілдіру жұмыстары жалғасады, яғни, жаңа Конституцияның мемлекеттік тілдегі мәтіні негізінде Ата Заңның орыс тіліндегі нұсқасын да сәйкестендіреміз, — деді Мемлекеттік кеңесші.

Айта кетейік, жаңа Конституцияның жобасын түрлі мекемелер, ұжымдар талқылап жатыр. 

Соңғы жаңалықтар