Алимент төлеуден жалтарып жүрген өзбекстандықтарға енді несие берілмейді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 1 мамырдан бастап Өзбекстанда алимент бойынша қарызы бар азаматтар кейбір қаржылық және мемлекеттік қызметтерді пайдалана алмайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Әділет министрлігінен мәлім еткендей, борышкерлерге қарызын толық өтеген уақытқа дейін несие берілмейді.
Сонымен қатар егер алимет бойынша берешегі бар азамат қайтыс болса немесе хабар-ошарсыз кетсе, онда мемлекеттік орындаушы істі жабуға құқылы болады.
Еске сала кетейік, былтыр Өзбекстанда алимент бойынша 70 мыңға жуық арыз түскен. Олардың 30%-ға жуығы әлі шешімін таппаған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда отасқанына бір жыл толмаған ерлі-зайыптылардың ажырасуына шектеу енгізілмек.