«Алмас қылыш» тарихи фильмін түсіруге 5 млн доллар жұмсалды

Бұл туралы Алматыда фильмнің премьералық көрсетілімінде белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Фильм режиссері Рүстем Әбдірашев көркем фильм қалай түсірілгенін баяндап берді. Оның айтуынша, «Алмас қылышты» түсіруге екі жыл уақыт кеткен. Фильмге 500 адам тартылған. Оның 200-і түсірілім тобының мүшелері. Нақты түсіру жұмыстары 30-ға жуық нысанда бес ай бойы жүрген.
Фильм сценарийін жазушы Смағұл Елубай Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының желісі бойынша дайындаған. Түсіру жұмыстары Алматы қаласы және Алматы облысы аумағында, жарты бөлігі «Қазақфильм» киностудиясында жасалған декорацияда өткен. Онда суретшілер Шайбаншахтың сарайын жасаған.
Фильмнің негізгі түпнұсқасы толығымен қазақ тілінде, арасында жоңғар тілінде және солтүстік моңғол диалектісі бойынша сөздер енген. 2017 жылдың 4 қаңтарында картинаның орыс тіліндегі нұсқасы жарыққа шығады.
Режиссердің айтуынша, қазір дубляж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда субтитр еуропалық көрермен үшін ағылшын тілінде беріледі.
«Бұл алғашқы қарлығашы. Егер көрермен көңілінен шығып жатса, екінші маусымы болады. Біздің тарихымыз бай. Біз ата-бабаларымыз алдында қарыздармыз. Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін көрсетуге жол ашқан Тәуелсіздікке мың алғыс», - деді Рүстем Әбдірашев.
Режиссер өз сөзінде фильмге жұмсалған қаражатты да айтып өтті. Оның айтуынша, фильм бюджеті 2 млрд теңгеге жеткен. Салықтарымен есептегенде 5 млн доллар жұмсалған.
«Алда келесі маусымдар тартымды, құнды болады деп үміттенемін. Жаңа маусымға Жаңа жыл мерекесінен кейін кірісуіміз мүмкін. Түсірілген материалдардан 2-3 сериаға қор бар. Келесі жыл соңында тағы бір маусым болады», - деді режиссер.
Еске салайық, бұған дейін Рүстем Әбдірашев "Алмас қылыш" фильміне бірде-бір Ұлттық компания көмектеспеді, ешбір телеарна ұсыныс жасаған жоқ" деп kaz/article/2954280">уәж айтқан болатын.