Алмасбек Садырбайдың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалған — Қаржылық мониторинг агенттігі
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов субсидия схемалары арқылы 1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен қамауға алынған «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың ісі неге арнайы прокурорларға өткенін түсіндірді.

Айта кету керек, әуелде Алмасбек Садырбайды Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысындағы департаменті тұтқындаған болатын.
— Бұл істі қазір арнайы прокурорлар тергеп жатыр екен. Оған не себеп болды, — деп сұрады журналист.
Агенттік өкілі мұны күдіктінің үстінен басқа да қылмыстық іс қозғалғанымен түсіндірді.
— Негізі қай істі қай орган тергейтіні туралы шешімді прокуратура құзырлы орган ретінде қабылдайды. Оларда соған қатысты (Алмасбек Садырбайға — ред.) басқа қылмыстық істер болған. Сол себепті біздің қылмыстық істі соларға қосты. Үкіметтің органдары бір адамның үстінен жеке-жеке қылмыстық істі тергемейді ғой. Сол себептен олардың бір органда болсын деп, біздегі істі қысқартып, өздері тергеп жатыр. Бізде болған кезде Қылмыстық кодекстің 189-бап болатын. Ал прокуратура тарапынан қандай бап екенін білмеймін, — деді Жеңіс Елемесов.