Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдары ҚТЖ басқаруына берілді: не өзгереді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы-1 және Алматы-2 темір жол вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қайтарылды. 

вокзал «Алматы-2»
Фото: Алматы әкімдігі

2019 жылы Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары қаланың коммуналдық меншігіне өтті. 

2023 жылы Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев темір жол вокзалдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қайтарылатыны туралы мәлімдеді. 

Биыл Көлік министрлігі вокзалдарды сенімгерлік басқаруға беру бойынша процедуралар жүріп жатқанын хабарлады. 

Осы орайда, Алматының қақпасына айналған вокзалдардың қазіргі жай-күйін білу үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сауал жолдадық. ҚТЖ жауабына сәйкес, 2025 жылдың 16 шілдесінен бастап Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдары сенімгерлік басқаруға қабылданған. 

Ұлттық компания екі нысанды да жаңғыртуды жоспарлап отыр. Алматы-1 теміржол вокзалының ғимараты жөндеуден өтеді.

– Өз кезегінде, тарихи және мәдени ескерткіш саналатын Алматы-2 теміржол вокзалының ғимараты Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес реставрациялануға жатады. Аталған жұмыстар жоспарға енгізілген және барлық нормативтік талапты сақтай отырып жүзеге асырылады, - деп хабарлады ҚТЖ.

Компанияның мәліметінше, бұл жобалар объектілердің пайдалану мерзімін ұзартуға, сондай-ақ олардың техникалық жай-күйі мен функционалдық мақсатын заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған. Бірақ жөндеу жұмыстарын жүргізудің мерзімі әлі нақтыланбаған. 

– Жұмыстардың түпкілікті көлемі мен құрамы заңнамада белгіленген тәртіппен әзірленген жобалау-сметалық (ғылыми-жобалық) құжаттама бойынша мемлекеттік сараптама нәтижелері бойынша айқындалады, - делінген жауапта. 

Айта кеткен жөн, бүгінгі күні Алматы-1 вокзалында 80 адам, ал Алматы-2 вокзалында 47 адам жұмыс істейді. Вокзалдарды күтіп ұстау үшін қосымша жекеменшік компанияның Алматы-1 вокзалы бойынша 36 адамы, Алматы-2 вокзалында 30 адамы қызмет көрсетеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы-1 теміржол вокзалының жанында жаңа Арбат ашылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар