«Алматы Арена» маңында 67 млрд теңгеге жол салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Алатау ауданында, атап айтқанда Бауыржан Момышұлы, Мөңке би, Фариза Оңғарсынова көшелері мен Рысқұлов даңғылының қиылысында жаңа жолдар салынады.
Жоба туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланды. Аталған жұмыстарға 67 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Тапсырыс беруші — қалалық құрылыс басқармасы. Техникалық ерекшеліктерінің құжатына сәйкес, жоба «Алматы Арена» маңындағы аумақты қамтиды. Онда көше-жол желісін құру ғана емес, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды кешенді түрде дамыту көзделген.
Жоба аясында атқарылатын жұмыстар:
- Ұзындығы 22,9 шақырым болатын екі және төрт жолақты жаңа жолдар салынады. Жолдың ені 7 метрден 15 метрге дейін болады. Ал оның беткі қабаты жоғары жүктемеге төзімді асфальтбетоннан төселеді.
- Жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын тротуарлар мен 29 мың шаршы метрге жуық веложолдар жабдықталады.
- 852 су өткізу құбыры орнатылып, нөсер кәрізі, жергілікті тазарту құрылғылары, сыртқы жарықтандыру желілері тартылады. Сондай-ақ сумен жабдықтау, су бұру, электр қуаты, телекоммуникация желілері мен бағдаршам нысандары орнатылады.
Бұл нысан жауапкершілігі жоғары деңгейдегі санатқа жатқызылған. Ал аталған аумақ «Батыс қақпасы» полиорталығын дамыту және «Алматы Арена» маңындағы жаңа тұрғын үйлерді абаттандыру жоспарының бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың екінші тоқсанында бастау жоспарланған. Жобаны іске асырудың жалпы мерзімі — 29 ай.
Еске салайық, Алматыда бұрынғы трамвай рельстері алынып жатыр.