Алматы әуежайына кіру тәртібі өзгерді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әуежайына кіру негізгі кіреберіс аумағын жаңғыртуға байланысты уақытша өзгертілді.
Алматы әуежайы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жұмыстар инфрақұрылымды жақсарту және қолайлылықты арттыру мақсатында жүргізіліп жатыр.
Енді әуежай аумағына кіру Ахметова көшесі бойымен, Ақсұңқар қонақ үйінің алдындағы 3-кіреберіс арқылы жүзеге асырылады. Ал әуежай аумағынан бұрынғыдай Майлин көшесі арқылы шығуға болады.
– Әуежайға келер кезде уақытыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз. Себебі қарбалас уақытта кептеліс туындауы мүмкін, - деп ескертті әуежайдың баспасөз қызметі.
Әуежай қонақтарының әуежайға кіру кезінде қосымша сұрақтары немесе мәселелері туындаған жағдайда, + 7 777 009 90 68 байланыс нөміріне хабарласып, сондай-ақ әуежай аумағында жүрген арнайы форма киген қызметкерлерден көмек сұрай алады.
Еске салайық, бұған дейін 21 мамырдан бастап Астана әуежайының вокзал маңы мен кіреберіс жолында жол жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жазғанбыз.