Алматы әуежайында өзін өртемек болған ер адамға қатысты тергеу тоқтатылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әуежайында 33 жастағы тұрғынның өзін өртемек болған әрекетіне байланысты басталған қылмыстық тергеу тоқтатылды.

Алматы әуежайында өзін өртемек болған ер адамға қатысты тергеу тоқтатылды
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Ауруханадан шыққаннан кейін ер адам ешкімге шағымы жоқ екені туралы жазбаша өтініш берген.

— Тергеу барысында қажетті барлық іс-шара орындалып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде тоқтатылды. Прокурор бұл шешімді бекітті, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.

Тергеу қорытындысы бойынша Алматы әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметіне осы оқиғаның болуына әсер етуі мүмкін кемшіліктерді түзету туралы ресми ұсыныс жіберілді.

Көліктегі полиция департаменті тергеуге қатысты басқа ақпарат құпия болғандықтан, жария етілмейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, 2025 жылғы 25 тамызда Алматы халықаралық әуежайында бір ер адамның касса жанында өзін өртемек болғанын хабарлаған едік. Полицейлер дер кезінде әрекет етіп, қайғылы жағдайдың алдын алды.

Сол кездегі Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол № 4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған, жағдайы өте ауыр екені хабарланған.

Кейінірек оның бұл әрекетке не үшін барғаны белгілі болды. Бұған ер адамның азаматтық некедегі жұбайымен арадағы жеке жанжалы себеп болғаны айтылды.

Соңғы жаңалықтар