Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматы әуежайында ұрлықтан кейін бақылауға алынбаған аумақтарға камера қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің тергеушілері мен анықтаушылары мемлекеттік органдар мен ұйымдардың атына 51 мыңға жуық ұсыну енгізді. Соның нәтижесінде Алматы әуежайындағы бейнебақылаудың «соқыр аймақтары» камералармен жабдықталып, ел бойынша екі мыңға жуық жаңа камера орнатылып, жол қауіпсіздігі күшейтілді.

Алматы әуежайында ұрлықтан кейін бақылауға алынбаған аумақтарға камера қойылды
Фото: Александр Павский / Kazinform

ІІМ мәліметінше, бұл жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қауіпсіз әлеуметтік орта қалыптастыру және қоғамда құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін орнықтыру мақсатында жүргізіліп жатыр.

"Қылмыстың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі — Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабында көзделген ұсыну енгізу институты. Ұсынулар қылмыстық іс барысында анықталған заң бұзушылықтар, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметіндегі кемшіліктер және құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен өзге де себептер негізінде енгізіледі", - деп хабарлады ведомство.

Жыл басынан бері ішкі істер органдары әкімдіктерге, жергілікті атқарушы органдарға, автожолдарға жауапты ұйымдарға, білім және денсаулық сақтау мекемелеріне, екінші деңгейлі банктерге, кәсіпкерлік субъектілеріне, өндірістік кәсіпорындарға, мүлік иелері бірлестіктеріне және министрліктерге 51 мыңға жуық ұсыныс жолдаған.

Соның нәтижесінде әлеуметтік жағдайы қолайсыз аудандарда, сауда орындары мен ойын-сауық мекемелерінде екі мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылды.

Автожолдардың 157 апатты учаскесінде жарықтандыру жүйелері, бағдаршамдар мен жол белгілері қойылып, жол таңбалары жаңартылды. 63 нысанда күзет және қауіпсіздік жүйелері күшейтілді. Білім беру ұйымдарында 60-тан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Заңсыз қызмет көрсеткен төрт субъектінің жұмысы тоқтатылып, 10-нан астам кафе мен түнгі клубтың жұмыс уақытына шектеу енгізілді.

Тергеу барысында анықталған құқық бұзушылықтар үшін 302 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан, тіркеусіз жүрген, көлік құралдарын заңсыз басқарған және мал жаю қағидаларын бұзған азаматтар бар.

Министрлік нақты мысалдарды да келтірді. Алматы халықаралық әуежайында жолаушының мүлкі ұрланғаннан кейін терминалдағы бейнебақылау қамтымаған «соқыр аймақтар» камералармен толық жабдықталды. Павлодарда интернет-алаяқтық фактісі бойынша танымал платформадағы алаяқ аккаунттар бұғатталып, жалған хабарландыруларды жариялау мүмкіндігі жойылды. Ақтауда электрондық темекіні заңсыз сатқан дүкеннің қызметі тоқтатылды.

Жол қауіпсіздігіне қатысты да бірқатар шара қабылданды. Марқакөл — Қалжыр — Омбы — Майқапшағай автожолының 24ө56-шақырым аралығында жол төсемі жөнделіп, жол таңбалары жаңартылды, ал 67-шақырымда үш стробоскоп пен жарық шағылыстыратын жол маркерлері орнатылды. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы Самара — Шымкент республикалық автожолының 867-шақырымында жылдамдықты шектейтін жол белгілері мен автоматты бақылау кешені іске қосылды.

ІІМ мәліметінше, енгізілген ұсынуларды қарау нәтижесінде қызметтік міндетін тиісінше орындамағаны үшін 3 мыңға жуық лауазымды тұлға тәртіптік, ал 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы камералар 40 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтағанын хабарлаған едік.