Алматы әуежайындағы оқиға: адвокат соттан Әбдірайымды жәбірленуші деп тануды сұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Сот отырысы Түрксіб аудандық сотында өтіп жатыр. Әуежайда бойжеткеннің орнына өзін кепілге ұсынған Мұса Әбдірайымов сотта жәбірленуші ретінде жауап беруден бас тартты.

Адвокат Дамир Сәлімовтан сотқа қорғауындағы Мұса Әбдірайымды жәбірленуші деп тану туралы өтінішхат келіп түскен.
Оның пайымдауынша, Әбдірайым кепілге алынған, өміріне қауіп төнген, бірақ одан іс бойынша жауап алынбаған.
Алайда, сот Мұса Әбдірайымның өзінен де өтініш түскенін мәлімдеді.
— Жәбірленуші болмағандықтан, адвокат Сәлімовтің бұрын берген өтінішін менің мүддем үшін қарамауыңызды сұраймын. Менде ешқандай шағым немесе арыз жоқ. Маған ешқандай зиян тиген жоқ, мен жәбірленуші болудан бас тартамын. Өйткені мен қызды саналы түрде құтқарып қалдым және мұны жәбірленуші болу үшін істемедім, - деп жазылған Әбдірайымның өтінішін судья оқып берді.

Бұған дейін Алматы әуежайында болған оқиғаға қатысты үш қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.
Еске салайық, 7 наурыз күні Алматы әуежайында ер адам қызды кепілге алып, көпшілік алдында пышақ кезенгенін жазған едік.
Мұса Әбдірайым күдіктіге өзін кепілге ұсынып, қызметкердің орнына тұрған. Ер адам тәртіп сақшыларымен келіссөзге алаңдаған тұста ол күдіктінің қолындағы пышақты жұлып алды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Мұса Сайранбайұлы Әбдірайым «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Кейін Көліктегі полиция департаменті Алматы әуежайында қызды кепілге алған ер адамды ұстауға қатысқан қызметкерлер бойынша түсінік берді.