«Алматы — Бішкек» автожолының бір бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Кептелістерді азайту және өткізу қабілетін арттыру мақсатында «Алматы — Бішкек» автожолының 19–27 шақырым аралығындағы қозғалыс төрт жолақтың орнына сегіз жолақ бойынша ұйымдастырылмақ. Бұл туралы ҚазАвтожол баспасөз қызметі хабарлады. 

«Алматы — Бішкек» автожолының бір бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Қазіргі уақытта жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында орталық бөлу жолағын, заманауи жарықтандыру жүйесін, автобус аялдамаларын және жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті өткелін салу қарастырылған. Бұдан бөлек, қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, көлік байланысын жақсарту үшін «таға» пішініндегі екі жолайрық салу жоспарланып отыр.

Жобалау — күрделі әрі көп кезеңнен тұратын процесс. Қазір геологиялық, экологиялық және геодезиялық зерттеулер аяқталуға жақын. Жобалау жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Жобалау нәтижесінде дайындалған құжаттама мемлекеттік сараптамаға жолданады. Сараптамадан оң қорытынды алынып, қаржыландыру бөлінгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады. Бұл жоба Алматы қаласы мен шекара маңы бағытындағы жол инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды қадамы болмақ. 

Айта кетелік Павлодар өңіріндегі автожолдардың қысқы күтіміне 40 мердігер жауапты болатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар