Алматы хайуанаттар бағында ақбөкендер лақтады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағында Стелла мен Айна есімді ақбөкендер лақтады. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасы хабарлады.

ф
Фото: Алматы әкімдігі

Ақбөкен (Saiga tatarica) – мұз дәуірінен бері жер бетінде сақталып келе жатқан жануарлар дүниесінің ең көне өкілдерінің бірі. Қазіргі таңда бұл сирек түр ерекше қорғауға алынып, табиғатты сақтау тұрғысынан маңызды мәртебеге ие.

а
Фото: Алматы әкімдігі

Мамандардың айтуынша, жаңа туған лақтардың жағдайы жақсы. Олар өсіп-жетіліп, аналарынан бір елі ажыраған емес. Әзірше төлдер ана сүтімен қоректеніп жатыр. Ал уақыт өте келе табиғи өсімдік тектес азыққа біртіндеп бейімделеді.

— Алматы хайуанаттар бағы — ақбөкендерді қолда өсіріп, тұрақты түрде төл алып отырған санаулы зоологиялық мекеменің бірі. Мамандар мұны сирек кездесетін жануар түрін сақтауға және биологиялық алуандықты қорғауға бағытталған жұмыстың маңызды нәтижесі ретінде бағалайды, - делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазір лақтардың жасы шамамен бір айға таяған. Олар ветеринар мамандардың тұрақты бақылауында болып, жасына сай дамып келеді.

с
Фото: Алматы әкімдігі

Еске салайық, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында бірден бірнеше сирек жануардың төлі дүниеге келгенінін хабарлағанбыз.

Жануарлардың белсенді көбейетін кезеңінде аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурлар ұрпақ өрбітті.