Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматы хайуанаттар бағында керқұлан құлындады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағында керқұланның (Пржевальский жылқысы) Құрбанкүл атты биесі құлындады. Құлынға Желмая деп ат қойылды. Бұл — Құрбанкүлдің екінші төлі.

Алматы хайуанаттар бағында керқұланның құлыны дүниеге келді
Фото: Алматы хайуанаттар бағы

Зообақ өкілдерінің айтуынша, бұл құлынның дүниеге келуі ерекше маңызға ие. Себебі керқұлан — Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына және Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының (IUCN) Қызыл тізіміне енгізілген, әлемдегі ең сирек кездесетін жабайы жылқы түрлерінің бірі. Хайуанаттар бағында оның төлін алу осы түрдің генетикалық әртүрлілігін сақтауға және тұрақты популяциясын қалыптастыруға бағытталған халықаралық табиғат қорғау бағдарламаларының маңызды бөлігі саналады.

Алматы хайуанаттар бағында керқұланның құлыны дүниеге келді
Фото: Алматы хайуанаттар бағы

Алматы хайуанаттар бағы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды сақтау жөніндегі халықаралық бағдарламаларға қатысады. Олардың қатарында ақбөкен, ақ аю, ақиық қыран және керқұлан бар. 

— Пржевальский жылқысының әрбір құлынының дүниеге келуі — мамандарымыздың ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жануарларға барынша қолайлы жағдай жасалып, жұптар халықаралық асыл тұқымды бағдарлама ұсынымдарына сәйкес іріктеледі, тұрақты ветеринариялық бақылау жүргізіледі. Әрбір құлынның аман-есен дүниеге келуі атқарылған жұмыстың нәтижелі екенін және әлемде сақталып қалған жалғыз жабайы жылқы түрін қорғауға үлес қосып отырғанымызды көрсетеді, — дейді Алматы хайуанаттар бағы директорының зооветеринариялық бөлім жөніндегі орынбасары Ағыбай Әжібаев.

Алматы хайуанаттар бағында керқұланның құлыны дүниеге келді
Фото: Алматы хайуанаттар бағы

Жануарлардың тыныштығын сақтау мақсатында керқұлан отбасы келушілерге жабық арнайы тыныш аймақта ұсталады. Қазіргі уақытта Құрбанкүл, құлын Желмая және айғыр Мерей мамандардың тұрақты бақылауында. Биенің де, құлынның да жағдайы жақсы, төл қалыпты дамып келеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында ақбөкендер лақтағанын хабарлағанбыз.