Алматы ХҚКО-лары биыл 2,4 миллион адамға қызмет көрсеткен
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда ХҚКО арқылы 2 миллион 400 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының мәліметінше, жыл басынан бері көрсетілген қызметтің ішінде көш бастап тұрғаны - көлікті қайта тіркеу қызметі. Бұл қызмет түріне 860 мыңға жуық алматылық жүгініп, өз көлігін тіркеуден өткізген.
Екінші орында – ҚР азаматтарының төлқұжат пен жеке куәлік алуы. Бұл қызмет үшін Алматы қаласының тұрғындары 400 000 рет ХҚКО-ға жүгінген. Электронды цифрлық қолтаңба алу қызметін 300 722 мыңнан аса азамат алған.
Ал әлеуметтік сала бойынша жалпы саны 154 300 мың қызмет алынып, ол сұраныс бойынша төртінші болды. Бестікті жүргізуші куәлігін алу қызметі түйіндеп тұр. Өңірдегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында 116 741 мыңға жуық куәлік берілген.
- Жалпы жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалында 2,4 млн адам мемлекеттік қызмет алған.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарынан бөлек, «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы да онлайн алуға болады, - деп хабарлады Алматы филиалынан.
Еске салайық, бұған дейін Үкімет ХҚКО-лардағы «жәрдемшісымақтардан» қалай құтылмақ екенін жазғанбыз.