Алматыда сел қаупіне байланысты тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріле бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел қаупіне байланысты өзен арнасы бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ашылған уақытша қабылдау пункттеріне орналастырылып жатыр.
Жедел штаб құрылып, азаматтық қорғау қызметтері жұмыс істеуде. Сондай-ақ 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды.
Барлық іс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда, жағдай толық бақылауда.
Еске сала кетейік, Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасап, таулы аймаққа бармауға шақырды.