Алматы құтқарушылары қойма ішіндегі 300 электр самокатын өрттен сақтап қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 112 пультіне Алматы қаласы, Алмалы ауданындағы Васнецов көшесінде орналасқан қоймада өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Құтқарушылар литий-ионды батареялар сақталған қоймада өрттің таралуына жол бермеді, деп хабарлайды ТЖМ.
Оқиға орнына келген ТЖМ қызметкерлері литий-ионды батареялардың жанғанын анықтаған. Өрттің жақын орналасқан жаңа литий-ионды батареялар мен электр самокаттарға таралу қаупі туындаған.
– Өрт сөндірушілер бірден өрт ошағын сөндіруге және аккумулятор батареяларын қарқынды салқындатуға кірісті. Қабылданған шаралардың арқасында өрттің әрі қарай таралуына жол берілген жоқ. Өрт жарты сағатқа жетпейтін уақытта толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында 100-ден астам литий-ионды батарея мен 300-ге жуық жаңа электр самокаты сақталып қалды. Сонымен қатар аккумуляторлардың бірінен кейін бірі тұтануына әкелуі мүмкін тізбекті реакцияның алдын алу мүмкін болды.
– ТЖМ литий-ионды батареялар жанған кезде бірінен кейін бірі тұтанып, улы жану өнімдерін бөлуі мүмкін екенін ескертеді. Мұндай өрттерді сөндіру ерекше тәсілді және қайта тұтанудың алдын алу үшін ұзақ уақыт бойы қарқынды салқындатуды қажет етеді, – Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісі Ғалымжан Есполов.
Еске сала кетсек, бұған дейін алматылықтар электрсамокат ережесін бұзғандар туралы WhatsApp арқылы хабарлай алатыны туралы жаздық.