Алматы маңындағы карьерде топырақ опырылды: тұрғындар уақытша көшіріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысы Қарасай ауданында төтенше жағдай болды.
Қарасай ауданы әкімдігінің мәліметінше, 2 шілде сағат таңғы 6:50 шамасында Жанатұрмыс ауылындағы «Карьер Аксай» ЖШС аумағында Ақсай өзені арнасы табанының шайылуы салдарынан карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылған.
Соның салдарынан қазір 9 жеке үйдің тұрғындарын уақытша көшіру және оларға қажетті көмек көрсету бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
— Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органның қызметкерлері аумақта үй-үйді аралап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп хабарлады аудан әкімдігі.
Сондай-ақ оқиғаның салдарын жою мақсатында 19 адамнан және 14 техникадан тұратын жедел штаб құрылған. Оның құрамында Алматы облысы ТЖД — 7 қызметкері және 3 техникасы, Алматы қаласы ТЖД — 1 қызметкер және 1 техникасы, ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімі — 3 әскери қызметкер және 1 техникасы, әкімдік — 10 қызметкер және 9 инженерлік техникасы бар.
— Жағдай жергілікті атқарушы органның бақылауында. Тұрғындардан сабыр сақтауды және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз, — деп нақтылады әкімдіктен.
Еске салайық, кеше Еңбекшіқазақ ауданында «Түрген — Асы» автожолын және демалыс аймағын су басты.
Сондай-ақ нөсер жауынға байланысты Алматы өзендерінде су деңгейі көтерілді.