Алматы мен Астана әлемдегі үздік студенттік қалалар рейтингінде жоғарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан студенттік қалалардың тартымдылығы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. QS Best Student Cities 2027 халықаралық рейтингінде Алматы мен Астана өз көрсеткіштерін жақсартып, әлемдегі студенттер үшін ең қолайлы қалалардың қатарына енді.
QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі жариялаған QS Best Student Cities 2027 рейтингінде Алматы 13 сатыға көтеріліп, әлем бойынша 78-орынға тұрақтады. Бұл — Қазақстан қалаларының аталған рейтингтегі ең жоғары нәтижесі әрі Орталық Азиядағы үздік көрсеткіш. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ал Астана сегіз сатыға жоғарылап, 119-орынға ие болды. Осылайша, Қазақстанның екі ірі қаласы да өңірдегі студенттер үшін ең тартымды білім беру орталықтары қатарындағы орнын нығайтты.
QS Best Student Cities рейтингі әлем қалаларын алты негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды. Олардың қатарында университеттердің академиялық беделі, қаланың тартымдылығы, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы, білім алу мен өмір сүрудің қолжетімділігі, студенттік қауымдастықтың халықаралық құрамы және студенттердің пікірлері бар. Биылғы рейтингке халық саны мен QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген жоғары оқу орындары бар 150 қала енгізілген.
Алматының жоғары көрсеткішке жетуіне қаладағы жоғары білім беру жүйесінің дамуы ықпал етті. Қазір Алматыда QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген тоғыз университет орналасқан. Соның нәтижесінде қала «Университеттердің рейтингтердегі нәтижелері» көрсеткіші бойынша әлемде 50-орынға көтерілді.
— Қазақстанның тағы бір маңызды артықшылығы — жоғары білімнің қолжетімділігі. Оқу ақысы мен өмір сүру шығындарының қолжетімділігі бойынша Астана әлемде 9-орынды, ал Алматы 24-орынды иеленді. Бұл көрсеткіштер қазақстандық қалалардың шетелдік студенттер үшін де тартымды бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар «Студенттік контингенттің әртүрлілігі» көрсеткіші бойынша да екі қаланың нәтижесі жақсарған. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарына әлемнің түрлі елдерінен келетін студенттер санының артып келе жатқанын аңғартады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тағы бір шетелдік университеттің филиалы ашылуы мүмкін екенін жазғанбыз.