Алматы метросында төбелескендерге айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда пойызда басталып, кейін метро станцияларының бірінің платформасында жалғасқан төбелеске қатысқан екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиғаға полиция қызметкерлері жедел араласып, жанжалға қатысқан екі адам ұсталған. Кейін жиналған әкімшілік материалдар сотқа жолданды.
— Сот шешімімен құқық бұзушылар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, — делінген хабарламада.
Алматы полиция департаменті қоғамдық көлікте қоғамдық тәртіпті бұзуға, агрессия көрсетуге және өзге жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіруге жол берілмейтінін ескертті.
— Мұндай әрбір дерекке құқықтық баға беріліп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады, — деп мәлімдеді полиция.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда теңіз жағалауындағы айлақтардың бірінде бірнеше ер адам жаппай төбелесіп, тұрғындардың үрейін ұшырғанын жазғанбыз.