Алматы мұғалімі әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы №95 мектеп-лицейдің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize 2025-2026 халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемнің ең үздік 50 педагогінің қатарына енді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Татьяна Белоусова – педагог-шебер, «Қазақстанның үздік ұстазы – 2024» құрметті атағының иегері. Оның кандидатурасы сауалнама мен қосымша материалдарды тапсырудан бастап, сараптамалық бағалау және финалдық іріктеуге дейінгі көпсатылы кезеңдерден өткен.
Әлемнің ең үздік 50 мұғалімінің ресми тізімі 2025 жылғы 15 желтоқсанда Global Teacher Prize байқауының ресми сайтында жарияланды. Ал финалистерді марапаттау рәсімі 2026 жылғы 1–5 ақпан аралығында Дубайда өтетін халықаралық білім беру форумы аясында ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Қазақстан бұл беделді байқауға бесінші рет қатысып отыр. Осы уақытқа дейін ел өкілдері, биылғы нәтижені қоса алғанда, үш мәрте әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енген.
Еске салайық, бұған дейін 30 жылдай мұғалім болған шығысқазақстандық әйел қалай бір жылда әлемнің үздік садақшысы атанғанын жазғанбыз.