Алматы облысында Ақсай өзені тасуынан су желісі зақымданды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Қарасай ауданында су желісі зақымданды.

Алматы облысында Ақсай өзені тасуынан су желісі зақымданды
Видеодан алынған кадр

Қарасай ауданы әкімдігінің мәліметінше, кейінгі күндері жауған жауын-шашынның мөлшерден тыс түсуіне байланысты Ақсай өзені арнасынан шықты. Оны қайта өз арнасына бұру және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар кезінде техникалық ахуалдар туындаған.

Атап айтқанда, қалпына келтіру жұмыстары барысында осы тұстағы су желісінің зақымдану дерегі тіркелген. Салдарынан Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарына су беру тоқтаған.

— Туындаған апаттық жағдайды шұғыл түрде қалпына келтіру мақсатында Қарасай ауданы әкімдігінің «Таусымалы Қызмет» мекесінің мамандары мен апаттық тобы толық құрамда жұмылдырылды. Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету жүйесін ретке келтіру жұмыстары түнгі тәулікте де тоқтаусыз жүргізілді, — деп хабарлады аудан әкімдігі.

Еске салайық, кеше Жаңатұрмыс ауылындағы «Карьер Аксай» ЖШС аумағында Ақсай өзені арнасы табанының шайылуы салдарынан карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылды.

Кейін Алматы облысының Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.