Алматы облысында екі әйел жасөспірім қызды қорлады деген күдікке ілінді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында екі әйелдің кәмелетке толмаған баланы ұрлап кеткені туралы ақпарат тарады.

Желіде тараған ақпаратта күдіктінің бірі ауылдық ауыл округі әкімі аппаратының қызметкері екені айтылады. Екі әйел 16 жастағы қызды үйінен ұрлап кеткен.
— Әйелдер қызды ұрып-соғып, темекімен күйдіріп, өзенге батырып, зорлық-зомбылық көрсетіп, қол-аяғын сүюге мәжбүрлеген және осының бәрін видеоға түсірген. Сондай-ақ олар бұл видеоны таратпау үшін үш миллион теңге талап еткен, — делінген ақпаратта.
Алматы облысының Полиция департаменті Kazinform тілшісіне бұл оқиғаны растап, түсінік берді. Ведомствоның мәліметінше, күдіктілер ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
— Кәмелетке толмағанға дене жарақатын салу және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті әйел құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады полиция.
Полиция кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Сонымен қатар қылмыстық процеске қатысушылардың жеке деректері жария болды деген мәліметтер тексеріліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшатау ауылының әкімі бойжеткенді зорлады деген күдікке ілінген еді.