Алматы облысында екі күнде 1 100-ден астам заңсыз алкоголь өнімі тәркіленді
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында прокуратураның бастамасымен жүргізілген рейдтер барысында екі күннің ішінде 1 100-ден астам заңсыз алкоголь өнімі тәркіленіп, заңнама талаптарын бұзған бірнеше сауда нысаны жауапқа тартылды.
Алматы облысының прокуратурасы полиция және мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға қарсы рейдтік іс-шараларды жалғастырып жатыр.
10-11 шілде күндері өткен рейдтердің қорытындысында алкоголь өнімдерін өткізу кезінде заң талаптарын бұзудың жеті фактісі анықталды. Сонымен қатар Қонаев қаласының жағалау аймағындағы демалыс орындарында алкогольді заңсыз сатудың үш дерегі тіркеліп, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексеру барысында заңсыз айналымнан 1 100-ден астам алкоголь өнімі тәркіленді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда алкоголь ішудің 51 фактісі мен көлікті мас күйде басқарудың алты дерегі анықталды.
Рейд нәтижесінде алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиясынан 3 сауда нысаны айырылды.
Прокуратура мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 60 рейд өткізіліп, оның нәтижесінде 240 сауда нысаны әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 14 нысан алкоголь өнімдерін сату лицензиясынан айырылған.
Еске салайық, бұған дейін Өскеменде 1,3 тоннадан астам заңсыз алкоголь тәркіленгенін хабарлағанбыз.