Алматы облысында қамыс өртенді: үш ошақ оқшауланып, төртіншісі сөндіріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта төрт ошақтың үшеуі оқшауланған, ал төртінші учаскеде тілсіз жаумен күрес күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.

Алматы облысында қамыс өртенді: үш ошақ оқшауланды, төртіншісі сөндіріліп жатыр
Видеодан алынған скрин

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Нұрлы ауылынан шамамен 20 шақырым жерде, Іле өзенінің маңында ашық аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртеніп жатыр. Өртті сөндіру жұмыстары батпақты әрі жетуі қиын жер бедеріне байланысты күрделене түскен. 

Оқиға орнында ТЖМ қызметкерлері, Шелек орман шаруашылығының мамандары және «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағының экипажы жұмыс істеп жатыр. Өртті сөндіруге барлығы 70-ке жуық адам, 21 техника және «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылды. Жағдай ҚР ТЖМ бақылауында.

Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстарын Алматы облысы ТЖД бастығы үйлестіруде.

Қазіргі жағдай бойынша өрттің төрт ошағының үшеуі оқшауланды. Төртінші учаскеде өртті сөндіру жұмыстары күшейтілген режимде жалғасып жатыр.

Жұмыстар өрт ошағына апаратын кірме жолдардың болмауына байланысты күрделенуде. Өрт сөндіру және ауыр техниканың өтуін қамтамасыз ету үшін кірме жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.