Алматы облысында полиция қызметкері әйелін көлікпен қағып өлтірді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Алматы облысының Балқаш ауданында болған жол апаты туралы ақпарат тарады.
Желіде тараған мәліметке қарағанда, 38 жастағы әйелді көлік қағып кеткен. Кейбір ақпарат көздерінде рөлде марқұмның күйеуі — полиция қызметкері болғаны жазылған.
Оқиғаға байланысты Алматы облыстық полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.
Ведомствоның мәліметінше, әйелді көлікпен қағып кеткен деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
— Оқиға салдарынан әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екені айтылды.
Полиция өкілдері ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда полиция қызметкері көлігімен бір жарым жасар баланы қағып кеткенін хабарлаған едік.