Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматы облысында шомылу маусымы басталғалы 13 адам суға кетті

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Алматы облысында шомылуы маусымы басталғалы 13 адам суға кетті
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Арман Макеновтың айтуынша, бүгінде облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 125 орын белгіленген. Оның ішінде 7 коммуналдық және 118 жекеменшік демалыс аймағы жұмыс істейді. Демалушылардың негізгі бөлігі Қапшағай су қоймасына келеді.

— Демалыс және мереке күндері мұнда бір мезгілде 10 мыңнан аса адам жиналатындықтан, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары ерекше бақылауға алынды. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті су айдындарындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, күнделікті профилактикалық және рейдтік іс-шараларды ұйымдастырып келеді, — деді ол.

Жалпы рейдтік іс-шаралар заң талаптарын бұзған 10 шағын көлемді кеме анықталып, айыппұл тұрағына қойылған. Одан бөлек биыл су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 140 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 2,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 582-бабы бойынша 70 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілген.

Арман Макеновтың айтуынша, шомылу маусымы басталғалы Алматы облысының су айдындарында 13 адам мерт болды, оның төртеуі бала. Одан бөлек құтқарушылар 35 адамның өмірін сақтап қалған.

Еске салайық, Талдықорғанда қалалық жағажайдан ер адамның мәйіті табылды.